Өскеменде «Brain ring» интеллектуалды байқауы өтті. Шара аясында ЖОО мен колледж студенттері көлеңкелі экономика, қаржы пирамидалары және лудоманияның алдын-алуға бағытталған сұрақтарға, ситуациялық сауалдарға жауап берді. Ұшқыр ой мен жылдамдықты талап ететін бұл сайыстың мақсаты жастар арасында құмар ойындарға деген тәуелділіктің алдын алу.

Интеллектуалды сайыста он команда өзара сынға түсті. Әр құрамада бес ойыншы. Қоғам дертіне айналған ойынқұмарлықтың пайдасынан гөрі зияны басым. Миллиондаған адам осы дерттің құрбаны. Бүгінде бәс тігу мектеп қабырғасынан басталып жатқаны да жасырын емес, дейді шараны ұйымдастырушылар.

Ойын 4 кезеңнен тұрды. Алғашқы екі кезеңде тест сұрақтары берілсе, қалған екі кезеңде ситуациялық сауалдар қойылып үш минутта жауабы алынды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай кездесулер жастардың қаржылық сауаттылығын арттырып, құмар ойынға деген көзқарастарын өзгертеді.

Сайыс соңында қатысушылар ұйымдастырушылар атынан алғыс хаттармен марапатталды. Ал, алда әлі дәл осындай бірнеше сайыс күтіп тұр. Интеллектуалды ойын қортындысы жыл соңында шығарылып, үздік командалар анықталады.