Жыл басынан бері облыста балалардың қатысуымен 195 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Полиция департаментінің қызметкерлері мамандандырылған автодромда оқушыларға жол қозғалысы ережелерін үйрету мақсатында ерекше шара ұйымдастырды. Мақсат-балаларды жолдағы қауіпсіздік пен бекітілген ережені сақтауға шақыру.

Мұндай шара аймақта алғаш рет өткізіліп отыр. Жас жол инспекторлары балаларға жаяу жүргіншілер мен велосипедке арналған жолдағы ережелерді түсіндірді.

Оқушылар велосипед тізгіндеп автодромның арнайы жолына жарысқа шықты. Олар жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтай отырып, бір-бірімен бақ сынасты. Бұл тәжірибе олардың түрлі жағдайларда қалай әрекет ету керектігін үйренуге сеп болмақ.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай практикалық сабақтар арқылы жаяу жүргіншілер мен велосипед тізгіндегендер көшеде қауіпсіз жүріс-тұрыс дағдыларын меңгереді.

Шара соңында тәртіп сақшылары балаларға мақтау қағаздары мен тәтті сыйлықтар таратты. Полиция департаментінің өкілдері мұндай сабақтар әлі де жалғасын табатынын айтады.