Облыс орталығында Өскемен балаларға арналған арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының 30 жылдық мерейтойына арналған мерекелік кеш өтті. Салтанатты шарада Облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрымбет Сақтағанов ұжымға жылы лебізін білдіріп, ұстаздар мен белсенді жас мамандарға түрлі марапаттар табыстады.
12 жасар Мадияр церебралды сал ауруы диагнозымен тіркеуде тұр. Ол үшін бұл орталық екінші үйіндей. Бүлдіршін осы мекемеде үш жасынан бастап түрлі оңалту курстарынан өтті. Жеті жасына дейін аталмыш орталық балабақшасында тәрбиеленіп, одан кейін арнайы сыныпқа ауысқан. Себебі, мұнда үнемі келіп отыруы тиіс. Балалардың ем-домы мен көрсетілетін көмек, түрлі жаттығу үзілмеуі керек. Сонда ғана нәтиже болады. Нәтиже болатынын ата-аналар да растап отыр.
Бүгінде медициналық-әлеуметтік мекемеде 143 бала бар. Оның барлығы күндізгі емдеу шараларына келіп тұрады. Орталық балаларды оңалтудың жақсы көрсеткіштерімен мақтана алады. 10-сыныпты бітірген мекеменің 18 түлегі колледждегі оқуын аяқтап, жұмысқа орналасты. Тағы бес түлек ата-ана атанды. Бұдан бөлек, орталықта балалар өзіне-өзі қызмет көрсету және жеке гигиена дағдыларын игеріп, отыруға, тұруға және өздігінен жүруге үйренетінін атап өткен жөн.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрымбет Сақтағанов ұжымды атаулы күнмен құттықтап, жылы лебізін білдірді. Балалар орталығының бастауында тұрған қызметкерлер аймақ басшысының бірінші орынбасарының алғыс хаттарымен марапатталлды. Ал кішкентай бүлдіршіндерге естелік сыйлықтар табысталды.