Облыста «Жастар арасындағы кылмыстың алдын алу және тәуекел тобындағы жастарды қоғамдық пайдалы қызметке тарту» жобасы аясында кездесу өтті. Кездесуге жастар ресурстық орталығы, “Жастар рухы” жастар қанатының белсенділері, құқық қорғау органдары, сондай-ақ, мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдар қатысты. Басқосуда жастар арасындағы қылмыстың алдын алу жолдары сөз болды.

Жасөспірімдердің қылмысқа баруы жантүршігерлік жағдай. Десе де, өңірдегі құқық бұзушылықтың деңгейі өткен жылмен салыстырғанда 10%-ға азайған. Бірақ бұл көрсеткішке қарап қалмай, әлі де алдын алу жұмыстарын жүргізетін боламыз, дейді жастармен етене араласатын мамандар.

Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың өсуіне ата-аналардың баланы қараусыз қалдыруы, компьютерлік ойындарға әуестенуі, құқықтық сауаттың төмендігі және жасөспірімдер үшін бос уақытты дұрыс ұйымдастырмау себеп. Сондықтан, “Антарес-А” қоғамдық қоры бұзушылықтың алдын алу үшін жаңа жоба ұсынуда.

Жоба негізінде жиі рейдтік жұмыстарды жүргізу, жастар мен ата- аналарға құқық бұзушылық заңнамасын түсіндіру ойы жатыр. Әрбір кәмелет жасқа толмаған жасөспірім үшін ата-анасы жауапты болғандықтан, мамандар бала тәрбиесін қатаң қолға алуды сұрайды.