Аймақта агроөнеркәсіптік кешенді дамыту үшін мемлекеттік қолдау шаралары жалғасып келеді. Бұл үшін субсидиялау бағдарламалары және жеңілдетілген кредит беру бағдарламалары іске қосылған. Биыл бес ай ішінде ауыл шаруашылығының негізгі капиталына 10,4 млрд теңге инвестиция салынды. Бұл жөнінде облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ажар Қаджыбекова айтты.
Биыл бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы шығарылымы 91,2 млрд теңге болды. Өсімдік шаруашылығындағы өсім 100 пайыз, мал шаруашылығындағы өсім 102,9 пайызды құрап отыр. Агроөнеркәсіптік кешенді дамытуды мемлекеттік қолдау шаралары шеңберінде субсидиялау, жеңілдетілген кредит беру бағдарламалары, ауыл шаруашылығы техникасының лизингі ұйымдастырылған.
Өңірде биыл «Ауыл аманаты» бағдарламасына 5631,2 млн теңге бөлінген. 1000 несие беріп, 2380 жұмыс орнын құру жоспарда бар. 105 ауылдық округ пен 4 моноқала, 11 аудан аталмыш бағдарламаны іске асыруға жұмылдырылады. Облыс бойынша бір несиеге орташа чек – 5,6 млн теңге. Бағдарлама аясында облыс бойынша жиырмадан астам ауыл шаруашылығы кооперативін құру жоспарланған.
Аталмыш жобалар іске асқанда, сүт өндіру көлемін жылына 40 мың тоннаға арттырып, жергілікті кәсіпорындардың жүктемесін 60 пайызға дейін ұлғайтуға мүмкіндік туады.