Шығыс Қазақстан - орман қорына ең бай аймақ. Облыстағы 3 млн. гектарға жуық жасыл желекті 1200-ге жуық орманшы қорғайды. Биыл өңірде алғаш рет өртті ерте анықтау жүйесі енгізілуде. Жаңа технологияның мүмкіндігімен әріптесіміз Бекарыс Секен танысып қайтты.
Ормандағы кез келген күмәнді жағдай көзден таса қалмайды. Арнайы бақылау жүйесі орнатылған дрондар, анықталған ақпаратты бірден орталық диспетчерлік пунктке жібереді. Ақылды жүйе түтіннен бастап рұқсатсыз от тұтату және өзге де заңбұзушылықтарды дер кезінде тіркейді.
Сайран Мұхаметжанов, орманшы:
Ал түтінді қалай бірден анықтайды? -Түтінді бұл «дым точка» деген болады. Бір жерден түтін шықса міне мына жерде «дым» деп тұр, «человек», «судно» «распознавание» «пожар». Түтін шыққан жағдайда сразу көрсетеді. Біз мұны орманда өрт болғанда жол көрсету үшін, бізге баратын жеңіл жол іздеу үшін дронның плюсі көп.
Орманшылар үшін өрттің алдын алудан бөлек, жасыл желек қорын көбейту де маңызды. Сол үшін көшеттер отырғызып, күтіп баптайды.
Сайран Мұхаметжанов, орманшы:
Бізде қазіргі таңда күннің ыстықтығана байланысты біз күнде суару жұмыстары жүріледі. Енді өскендерге біз басында үстіне ақ материал жабамыз. Олар өскен кезде суғарылып су ақ материалға сіңіп, сулылығын ұстап тұру керек. Одан кейін уақыты келгенде алып тастаймыз. Өйткені ол өскен сайын басы қисайып кетеді. - Бұл тұқымбақтарға қанша уақыт болды? - Бұларға екі жыл, ол өзідерінің айы бар, қыста ұйқыға кетеді. Сонымен күнде кешкі уақытта суғару жұмыстары жүргізіледі.
Орман шаруашылығы ұжымының жұмысы әркез қауырт. Әр қызметкер 3 мың гектарға жуық жерге жауапты. Арнайы техника да үнемі сақадай сай дайын тұруы тиіс.
Азамат Қасенғазин, Самар орман шаруашылығының директоры:
Биылғы алып жатқан техникаларымыз осы. Төрт «920» тракторы, екі пожарный машина, екі жак берілді. Ол пожарный техника жаңа болғаны жақсы ғой. Өйткені өрт кезінде дер кезінде жетуіміз техникага байланысты барлығы.
Биыл өртті ерте анықтау жүйесі өңірдегі тоғыз орман шаруашылығында іске қосылады. Жүйе түтінді анықтап қана қоймай, қауіп туралы жедел хабар береді. Бұған дейін бұл технология республиканың бірнеше облысында қолданылып, оң нәтижесін көрсеткен.
Нұрбақыт Біржан, «Antares engineering» ЖШС менеджері:
Көп септігі тиіп жатыр бүкіл қалаларда. Бурабайда, Іле-Алатау, Көлсай көлдері, Ертіс орманы, Семей орманы бар өзінің қызметтерін атқарып фиксация жасап түтіннің бәрін анықтап жатыр.
Тұрсынхан Айтымбетов орман шаруашылығы саласында 20 жылдан бері қызмет етіп келеді. Осы уақыт ішінде талай қиындықты еңсеріп, қызықты сәттердің де куәсі болыпты.
Тұрсынхан Айтымбетов, Верх-Уба орман шаруашылығының директоры:
Жабайы аңдардың да адамдарды қызықтап қарайтын кездері болады екен. Бір жолы көлікпен тауға көтеріліп келе жатқанда жолдың үстінде аю қонжығымен өтті. Анасы алдында, баласы артында. Бір кезде қонжығы тоқтады да бізге қарап тұрды. Содан кейін екі аяғымен көтеріліп тұрып алды да «сендер кімсіңдер» дегендей, кетпейді. Бір кезде шешесі тұрып тұрып жанына келді де, аяғымен құйрығын итеріп жүр жүр деп жетектеп алып кеткен.
Қазір өңірдегі орман шаруашылықтары күшейген. Техника жаңарып, бақылау жүйелері енгізілуде. Алайда орманды сақтау тек мамандардың ғана емес, әр азаматқа ортақ жауапкершілік.
Бекарыс Секен