Өскеменде облыстық Дін істері басқармасының ұйымдастыруымен «Халыққа кеңес» атты ақпараттық-түсіндіру акциясы өтті. Шараның мақсаты – тұрғындардың діни сауаттылығын арттырып, теріс діни ағымдардың алдын алу. Акция барысында келушілер өздерін толғандырған діни, құқықтық және әлеуметтік мәселелері бойынша мамандардан кеңес алды.
Шараны ұйымдастырушылар азаматтардың өтініштері тіркеліп, қосымша зерделеуді қажет ететін мәселелер тиісті мемлекеттік органдарға жолданатынын айтады. Бұдан бөлек, тұрғындардың жеке сауалдарын қабылдау үшін «Сенім жәшігі» орнатылды.
Айжан Мұратханова, ШҚО Дін істері басқармасы «Дін мәселелерін зерттеу орталығының» ақпараттық түсіндіру тобы меңгерушісі:
Негізгі біздің мақсатымыз – тек осы сұрақтарға жауап беру ғана емес, діни экстремизм мен жат ағымдардың алдын алу. Тұрғындардың арасында, әсіресе жастардың діни сауаттылығын арттыру. Сонымен қатар, жат идеологиялардың алдын алу.
Қала тұрғындарына теологтар, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, заңгерлер кеңес берді. Акцияға жастар ресурстық орталығының белсенділері де қатысты. Мақсат – жастарды тек мемлекеттік бағдарламалармен таныстыру ғана емес, оларды қоғам өміріне белсенді араласуға, бос уақытын тиімді өткізуге бағыттау. Мамандардың айтуынша, жастардың рухани және азаматтық тұрғыдан дамуына жағдай жасау – теріс діни ағымдардың алдын алудың маңызды тетіктерінің бірі.
Гүлнұр Слямханова, Өскемен қ. «Жастар ресурстық орталығының» маманы:
Дін мәселелерін зерттеу орталығының ұйымдастыруымен «Халыққа кеңес» атты акцияға біз де келіп отырмыз. Бұл жерде біз жалпылама «Жастар орталығы» жайлы және «Жасыл ел» еңбек жасағы жүргізілуде. Соны таныстыруға, жалпы Өскемен жастары не істейтіні жайлы айтып кетпекпіз.
Бұл бағыттағы жұмыстардың жүйелі түрде өтуі тұрғындардың құқықтық әлеуетін арттырып, қоғамдағы тұрақтылықты сақтауға зор үлес қосады.
Фатима Тілейханқызы