Өскеменде халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күніне орай «FREE LIFE FEST» жастар фестивалі өтті. Шараны облыс әкімдігі, Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы және облыстық Жастар ресурстық орталығы бірлесіп ұйымдастырды.
«Заң мен тәртіп» қағидасы аясында ұйымдастырылған шарада қатысушылардың назарына жергілікті өнерпаздардың концерттік бағдарламасы ұсынылды. Бұдан бөлек, спорттық сайыс өтті. Фестиваль барысында жастар арасында саналы таңдау жасау, белсенді өмір салтын ұстану және зиянды әдеттерден аулақ болудың маңызы кеңінен насихатталды.
Темірлан Базылханов, Облыстық жастар ресурстық орталығы директорының орынбасары:
Фестивальдің басты мақсаты жастар арасында салауатты өмір салын дәріптеу, есірткінің зияны жайында кеңінен ақпараттандыру және әрбір жас азаматтың өзінің болашағына жауапкершілікпен қарауына ықпал ету.
Кеш барысында есірткі қылмысының алдын алу бағытында белсенді еңбек етіп жүрген азаматтарға алғыс хаттар табысталды. Сонымен қатар, жастарға қоғамдағы жауапкершілік, салауатты өмір салтын ұстану және дұрыс таңдау жасаудың маңызы түсіндірілді.
Салтанат Амангельдина, шараға қатысушы:
Біз колледжда жастарды осы зиянды қасиеттерге қарсы тұруға бейімделуі үшін көптеген шаралар өткіземіз. Сол тұрғыда жаңағы біздің колледж тарапынан жасалған жұмыстар арқасында алғыс хатпен марапатталып отырмыз. Жастарды нашақорлыққа қарсы күреске шақырамыз. Бүгінгі шара өз үлесін табады деп ойлаймын және жастарға тек жақсы жағынан әсер етеді деген ойдамын.
Шара соңы спорттық жарыстар мен мерекелік кешке ұласты. Жастар арқан тарту, гір тасын көтеру және қол күресі бойынша өзара сынға түсті. Жеңімпаздарға естелік сыйлықтар табысталды.
Кәусар Идаятқызы