Өскеменде жастарға арналған TEDx форматындағы семинар өтті. Кездесуде адалдық, әділдік және жауапкершілік қағидаттары талқыланды. Ғылым, мәдениет, спорт және шығармашылық саласының өкілдері өз тәжірибесімен бөлісіп, жетістікке жетудің басты шарты - білім мен адал еңбек екенін айтты.

Ашық форматтағы кездесуде жастар танымал жерлестерінің тәжірибесін тыңдап, кәсіби даму төңірегінде пікір алмасты. Ұйымдастырушылар мұндай алаңдар жастардың өз күшіне деген сенімін арттыруға ықпал етеді - дейді.

Жанар Қабидоллақызы, «Тәуелсіз зерттеу орталығы» ҚБ басшысы:

Бүгінгі шара тедикс форматындағы семинар. Негізгі мақсаты сыбайлас жемқорлыққа қарсы сананы және мәдениетті қалыптастыру жастар арасында.

Семинарға «Үміт» балаларды қолдау орталығының түлегі, X-Factor Kazakhstan жобасының жеңімпазы Евгений Выблов та қатысты. Ол өз өмір жолын мысалға келтіріп, кез келген жетістік адамның еңбегіне байланысты екенін айтты.

Евгений Выблов, «X-Factor Kazakhstan» музыкалық жобасының жеңімпазы:

Қазір қоғамда таныссыз, қаржылық мүмкіндіксіз жетістікке жету қиын деген түсінік бар. Бірақ біз бүгін осы ойды өзгерту үшін жиналдық. Ең алдымен бәрі адамның өзіне, оның мақсаты мен талпынысына байланысты. Адам өз қабілетін дамытып, алға ұмтылса, нәтижеге жете алады. Менің өмірім де соған дәлел.

Ғылым саласының өкілдері де бүгінде жастар үшін кәсіби дамуға мүмкіндік мол екенін айтады. 

Ернат Қожахметов, Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ «VERITAS» орталығының жетекшісі:

Қазір бұрынғыға қарағанда мүмкіндік әлдеқайда көп. Талантыңмен, біліміңмен, қабілетіңмен көптеген салада жетістікке жетуге болады. Бірақ ең алдымен білім керек.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай кездесулер жастардың өз мүмкіндігіне сенімін арттырып, еңбек пен білім арқылы мақсатқа жетуге ынталандырады.

Бекарыс Секен