Үлкен Нарын бүгінде әлеуметтік-экономикалық дамудың тұрақты қарқынын сақтап келеді. Ауданда туризм мен агроөнеркәсіп кешенін дамытуға басымдық беріліп, халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға және инвестициялық тартымдылықты арттыруға бағытталған инфрақұрылымдық жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда.
Туризм – Үлкен Нарын ауданының негізгі даму бағыттарының бірі. Жергілікті атқарушы органдар демалушылар үшін қолайлы жағдай жасау жұмыстарын жүйелі түрде жүргізіп келеді. Қазіргі таңда ауданда туристерді қабылдайтын 8 орналастыру нысаны жұмыс істейді. Бұдан бөлек, жол бойындағы сервисті дамытуға және жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға ерекше көңіл бөлінуде.
Елдос Байрахметов, Үлкен Нарын ауданының әкімі:
Үлкен Нарын ауылында 30 пәтерлі көпқабатты тұрғын үй салу басталып кетті. Ол жоба осы жылдың аяғына дейін бітеді. Осы жақын уақытта осындай тағы 30 пәтерлі тұрғын үй салу басталады. Ол жоба келесі жылы аяқталады. Бұл жобалар аяқталғанда, кезекте тұрған адамдар саны 152-ге дейін түсді.
Аудандағы тағы бір басым бағыт – медициналық көмектің сапасын арттыру. Осы мақсатта денсаулық сақтау мекемелерінің материалдық-техникалық базасы жаңартылып, заманауи диагностикалық жабдықтар сатып алынуда. «Салауатты ұлт» жобасы аясында құны 500 миллион теңгені құрайтын компьютерлік томограф пен оған қажетті жабдықтар сатып алынды. Сонымен қатар, рентген-маммографиялық кешен және цифрлық маммограф алынды. Бұдан бөлек, шалғай ауыл тұрғындарын да сапалы медициналық қызметпен қамту үшін медициналық инфрақұрылымды дамыту жұмыстары жалғасып жатыр.
Елдос Байрахметов, Үлкен Нарын ауданының әкімі:
«Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында жалпы құны 145 миллион теңгені құрайтын 12 жобаға несие берілді. Туризм саласы бойынша – 57 млн теңге, қалғаны ауылшаруашылығына кетті. Қаражат қой шаруашылығын дамытуға, жартылай дайын өнім өндіруге, ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға және туризм саласындағы жобаларды іске асыруға бағытталған. Сонымен қатар, бағдарлама шеңберінде 5 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі құрылып, 235 жеке шаруашылыға тартыалды.
Бұдан бөлек, Приморск ауылында 100 орындық демалыс аймағы базасында «Пантамен емдеу» инвестициялық жобасы жүзеге асырылып жатыр. Құрылыс жұмыстарын биыл аяқтап, келесі жылдан бастап іске қосу жоспарланған.
Фатима Тілейханқызы