Аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов өңір журналистерінің басын қосып мерекелік шара ұйымдастырды. Салтанатты жиында сала мамандарына құрмет көрсетіліп, арнайы марапаттар табысталды. Биыл Президенттің тапсырмасымен алғаш рет облыста жұмыс істейтін журналистерге пәтер берілді. Жалпы саны 66 баспана кілті табысталды. Жаңа қоныс иелерінің арасында «Qazaqstan» ҰТА шығстағы меншікті тілшісі Олжас Керейхан бар.

Шараға өңірдегі БАҚ өкілдері түгелдей жиналды. Салтанатты шарада сала қызметкерлерін облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов құттықтап, сый-құрмет көрсетті.

Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан Облысының әкімі:

Сіздер күн сайын ел өміріндегі маңызды оқиғаларды халыққа жеткізіп, ақиқаттың ақ жолында аянбай еңбек етіп келесіздер. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев БАҚ-тың қоғамдағы рөлін айрықша атап өтіп, «Елімізге шынайы ақпарат тарататын, халықтың мұң-мұқтажын жеткізетін, елдік мүддені жоғары қоятын кәсіби журналистика қажет» деген болатын. Бұл ақпарат саласы мойнына жүктелген үлкен сенім. 

Биылғы кәсіби мерекенің ең маңызды жаңалығы - Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес алғаш рет өңірлік бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне тұрғын үй беру бастамасының жүзеге асуы болды. Салтанатты рәсімде «Qazaqstan» ұлттық телеарнасының шығыстағы меншікті тілшісі Олжас Керейхан мен «Altainews» медиа-орталығының тілшісі Айдос Мырзахметовке жаңа пәтердің кілті табысталды. 

Олжас Керейхан, «Qazaqstan» ҰТА ШҚО бойынша меншікті тілшісі:

Сөзбен жеткізу мүмкін емес нәрсе. Шын айтсам мен ойлағам журналистердің жыл он екі айда бір келетін кәсіби мерекесінде бір мемлекеттік награда сондай болатын шығар деп, баспана болады деп ойлаған жоқпын өзім. Соңғы бір жылда саяжай дейді ғой жер үйде тұрғанмын. Одан отбасымда ұсақ – түйек қиыншылықтар болып сатуға мәжбүр болып, пәтер жалдап тұрып жатқанбыз қазір. Төрт балам бар, екіншіден бұл менің 25 жылдық еңбегімнің нәтижесі, елегені, бағалағаны деп ойлаймын. 

Калима Жайлыбай, О. Керейханның жұбайы:

Бұл деген БАҚ саласындағы Олжастың еңбегінің бағалануы. Қатты қуанып тұрмыз. Толқып тұрмыз. Барлығы еңбекпен келіп жатыр. Бұл деген сол жүлделердің ішіндегі ең үлкені. Ең маңыздысы, бастысы бір қатты қажет болып жатқан нәрсенің көзі шешімі деп білер едім. Көп рахмет! 

Бұдан бөлек, шарада Шығыс Қазақстан облысы әкімінің «Журналистиканы дамытуға қосқан үлесі үшін» сыйлығының жеңімпаздары анықталды. «Күшті өңірлер – ел дамуының қозғаушы күші» номинациясында «Время» баспасы мен «YKnews.kz» сайтының тілшісі Елена Супрунова жеңімпаз атанды. «Заң және тәртіп» аталымы бойынша «Хабар» телеарнасының меншікті тілшісі Эльмира Ахметова марапатталды.«Цифрлық даму және инновациялар» номинациясында «Алтай» телеарнасының тілшісі Гүлдана Серікқазиева үздік деп танылса, «Өмір объективте – кадр шебері» аталымында «Oskemencity.kz» сайтының мобилографы Мұрат Мұратжан мен «Shygyslife.kz» сайтының мобилографы Серік Оскаров жеңіске жетті. Ал «Қоғам игілігі үшін жүргізілген журналистика» номинациясының жеңімпазы болып «ALTAI-NEWS» медиа-орталығының журналисі Наргиз Еркінбекова танылды. Марапаттау рәсімінде журналистика саласына қосқан сүбелі үлесі мен сіңірген еңбегі үшін ардагер журналист Айтмұхамбет Қасымұлы Қасымов Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен «Құрмет» орденімен марапатталды. «Алтай» телеарнасының дыбыс режиссері Фарғана Телебаева «Еңбек ардагері», «Хабар» агенттігінің телеоператоры Дмитрий Пыхтин «Ерен еңбегі үшін» медаліне ие болды.

Айжанат Иксанова, Облыстық «Дидар» газетінің контент-редакторы:

БАҚ еселі еңбек етіп жүрген, барша әріптестерімді бүгінгі кәсіби мерекемен шын жүректен құттықтаймын. Қаламдарыңыз қарымды, ойларыңыз ұшқыр, еңбектеріңіз жемісті болсын. Бүгін мемлекет тарапынан өңірдегі майталман журналистер мараппаталып жатыр. Тек қана ақпарат саласының үздігі деген марапат тек қана менің емес биыл 95 жылдық тарихы бар өңірдегі қазақ баспасөзінің қара шаңырағы саналатын Дидар газетінде еңбек етіп жүрген еңбекқор ұжымның ортақ жетістігі деп білемін. 

Жиын барысында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің салалық марапаттары табысталды. Министрліктің Құрмет грамотасымен Ирина Санникова, «Біздің Өскемен» жобасының авторы Дарын Нұрсапар «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды. 

Дарын Нұрсапар, «Bizdin Oskemen» желілік басылымының жетекшісі:

Бұл салада 21 жыл жұмыс істеппін журналистикада. Бұл медаль мен үшін өте үлкен бір өз саламдағы жетістігім деп санап, қуанып тұрмын. Өйткені бұл салалық медаль. Неше түрлі марапаттар бар. Бірақ, олардың орны бір төбе де, ал журналист үшін «Ақпарат саласының үздігі» деген медаль, төсбелгі ол журналистің нағыз жеткен жетістігі. 

Билік пен бұқараны байланыстыратын мамандық иелерінің қоғам алдындағы жүгі ауыр. Халықтың көзі, құлағы һәм тіліне айналған мамандар күн-түн демей ақпарат таратады. Бұл күні де тынымсыз тірлікпен айналыса жүріп айрықша құрмет-қошеметке бөленген сала өкілдері үшін кәсіби мерекенің орны бөлек.

Ал өңірдің үш жетекші медиа ұйымына жаңа қызметтік автокөліктердің кілті табысталды. Олардың қатарында «ALTAI» телеарнасы да бар.

Кәусар Идаятқызы