Риддерде халықаралық Extreme Enduro фестивалі өтті. Үш күнге созылған жарысқа Қазақстанның әр өңірінен және шетелден келген 120-дан астам спортшы қатысты. Спортшылар табиғи кедергілерге толы арнайы трассаларда бақ сынап, өздерінің техникалық дайындығы мен төзімділігін көрсетті.
Extreme Enduro – ең күрделі мотожарыс түрлерінің бірі. Жарыс арнайы трассада емес, табиғи ортада өтеді. Бұл сайыста жылдамдықпен қатар, төзімділік пен кәсіби шеберлік те шешуші рөл атқарады.
Александр Чуев, шараны ұйымдастырушы:
Қатысушылар алдымен Super Enduro стадионында бақ сынайды. Бұл сында келесі кезеңге қатысатын спортшылар анықталады. Кейін жарыс таулы аймақта жалғасады. Қатысушылар ұзындығы шамамен 50 шақырымдық бағытта өзара кім мықтыны анықтайды. Басты мақсат – қонақтар мен спортшыларға ерекше әсер сыйлап, қала тұрғындарымен бірге үлкен спорт мерекесін жоғарғы деңгеййде атап өту.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай халықаралық фестиваль өңірдің туристік әлеуетін арттырып, экстремалды спортты дамытуға серпін береді.
Данила Черняев, жарысқа қатысушы:
Геленджиктен келдім. Фестивальге қатысу үшін көлікпен шамамен 4,5 мың шақырым жол жүріп өттік. Экстрималды спортпен 2015 жылдан бері айналысамын. Бұл спорт менің өмірімнің маңызды бөлігіне айналды.
Павел Иванов, жарысқа қатысушы:
Спорттың осы түрімен үш жылдан бері тұрақты түрде айналысып келемін. командамызбен үздіксіз жаттығамыз. Ал жалпы мотоспорттағы тәжірибем он жылдан асады. Фестиваль жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Мұны көрермендердің көп жиналғанынан-ақ байқауға болады.
Ridder Extreme Enduro фестивалі тек спорттық мереке ғана емес, сонымен қатар өңірдің туризмін дамытуға, белсенді өмір салтын насихаттауға және Риддерді экстремалды туризм орталығы ретінде танытуға бағытталған маңызды жоба.
Кәусар Идаятқызы