Өскеменде бизнес-идеяларды іске асыруға арналған қайтарымсыз мемлекеттік гранттарға өтінім қабылдау жалғасуда. Биыл облыс орталығында 92 грант беру жоспарланған. Әр гранттың мөлшері – 1 миллион 730 мың теңге. Бағдарламаның ерекшелігі, ережелердегі өзгерістер жайында өскемендегі Мансап орталығының мамандары баяндады.
Бұл мемлекеттік қолдау шарасы азаматтардың белгілі бір әлеуметтік санаттарына арналған, – дейді Өскемен қаласының Мансап орталығының мамандары. Олардың қатарында атаулы әлеуметтік көмек алушылар, көпбалалы ата-аналар, мүгедектігі бар азаматтар, мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған ата-аналар, асыраушысынан айырылуына байланысты жәрдемақы алушылар, қоныс аударушылар және қандастар бар. Әлеуметтік мәртебеден бөлек, үміткер жұмыспен қамту талаптарына да сәйкес келуі тиіс. Яғни, ол ресми түрде жұмыссыз ретінде тіркелуі немесе жеке кәсіпкер болуы қажет. Айта кетейік, биыл жеке кәсіпкерлер үшін талаптар күшейтілді. Өтінім берген сәтте кәсіпкерлік қызметтің тіркелгеніне бір жылдан аспауы тиіс. Бұған дейін бұл мерзім үш жылға дейін рұқсат етілетін. Үшінші міндетті талап – «Бастау Бизнес» онлайн-оқуын сәтті аяқтағаны туралы сертификаттың болуы. Оқу «Skills.Enbek» порталында 14 күнге дейін жалғасады. Бағдарлама 14 модульден және қорытынды тестілеуден тұрады.
Гүлнар Жайлаубаева, Өскемен қ. Мансап орталығының мемлекеттік гранттар беру мәселелері жөніндегі маманы:
Азамат «Бастау Бизнес» бағдарламасы бойынша оқуды аяқтап, сертификат алғаннан кейін, грантқа өтінім қабылдау порталы ашылған кезде өтінім береді. Бұған дейін ол порталдағы бекітілген үлгі бойынша бизнес-жоспар әзірлеуі қажет. Егер конкурс нәтижесінде грант ұтып алса, бес жұмыс күні ішінде жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, кәсіпкерлік шотын ашуы тиіс. Осыдан кейін өз бизнес-жобасын іске асыруға кіріседі. Алғашқы үш ай ішінде бизнес-жоспарда көрсетілген қажетті жабдықтарды сатып алуға мүмкіндігі болады.
Грантты қажетті құрал-саймандарды, еңбек құралдарын, технологиялық жабдықтарды, малдарды, жануарларды, құстарды, көшеттерді, бұталарды, тұқымдарды сатып алуға, орын-жайларды жалға алу ақысын төлеуге алуға болады. Сонымен қатар қаражаттың бір бөлігін коммерциялық нысанды жалға алуға пайдалануға рұқсат етіледі. Ал грант қаражатын жеке қажеттіліктерге, несиелерді өтеуге, жылжымайтын мүлік пен жер учаскелерін сатып алуға, сондай-ақ акцизделетін өнім өндіруге жұмсауға тыйым салынған. Үміткерлер жиі жіберетін қателіктің бірі – бизнес-жоспарға шығыс материалдары мен шикізатты енгізу. Грант алғаннан кейін Өскемен тұрғындары тек жаңа кәсіп ашып қана қоймай, жұмыс істеп тұрған бизнесін де кеңейтіп жатыр. Соның бірі – көпбалалы әке, кәсіпкер Рауан Тақаев. Ол бірнеше жыл бұрын шағын автосервис ашқан. Алғашында май ауыстыру және ұсақ жөндеу жұмыстарымен айналысқан кәсіпкер кәсібін жаңа деңгейге көтеру үшін мемлекеттік қолдауға жүгінген. Грант қаражатына ол автокөліктерді диагностикалауға арналған заманауи вибростенд сатып алды.
Рауан Тақаев, кәсіпкер:
Грант қаражаты алдымен жеке кәсіпкердің есепшотына түседі. Кейін сол қаражаттың мақсатты түрде жұмсалғанын растау қажет. Яғни сатып алынған жабдықтың түбіртектері мен төлем құжаттарын, фото және бейнематериалдарды тапсырасыз. Осылайша бір жыл бойы есеп беріп отырасыз. Біздің вибростендтің құны 2 миллион 850 мың теңге болды. Сондықтан грант қаражатына өз қаржымызды қосуға бола ма деп сұрадық. Рұқсат берілді. Ең бастысы – қаражатты бизнес-жоспарда көрсетілген мақсатқа жұмсау керек.
Биыл грант беру қағидаларына бюджет қаражатының мақсатты әрі тиімді жұмсалуын бақылауды күшейтуге бағытталған бірқатар маңызды өзгеріс енгізілді. Атап айтқанда, енді «Business.enbek.kz» порталының автоматты жүйесі несиелері мен қарыздары бойынша мерзімі өткен берешегі бар азаматтардың өтінімдерін бірден кері қайтарады. Сонымен қатар грант иегері кемінде бір қосымша жұмыс орнын ашып, оған сырттан қызметкер қабылдауға міндетті. Ал бөлінген қаражаттың мақсатты жұмсалуын бақылау мерзімі 12 айдан 24 айға дейін ұзартылды.
Кәусар Идаятқызы