Биыл Қазақстанда салық заңнамасына бірқатар өзгеріс енгізілді. Жаңашылдықтар қосылған құн салығын есептеу тәртібіне, акциз саясатына және кейбір салықтық жеңілдіктерге қатысты. Денсаулық сақтау, туризм және баспа ісі салалары үшін де жаңа салық шарттары қарастырылған. Өзгерістердің негізгі бағыттары жайында Шығыс Қазақстан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің мамандары өңірлік коммуникациялар алаңында өткен брифингте мәлімдеді.
2026 жылдан бастап медициналық қызметтерге, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарға қосылған құн салығының төмендетілген мөлшерлемесі енгізілді. Биыл ол – 5 пайыз болса, 2027 жылдан бастап 10 пайыз болады. Бұл талап ҚҚС-нан босатылған қызметтер мен өнімдерге қолданылмайды.
Гүлмира Сабралимова, ШҚО бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті түсіндіру жұмысы және байланыс орталығы басқармасының басшысы:
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру және импортталатын дәрілік заттар қосылған құн салығынан босатылады. Сонымен қатар, сирек кездесетін және әлеуметтік маңызы бар ауруларды емдеуге арналған дәрі-дәрмектер де ҚҚС-нан босатылады.
Сонымен қатар, 1 қаңтардан бастап тұрғын үйді сату немесе жалға беру кезінде қолданылған ҚҚС бойынша жеңілдік алынып тасталды. Мамандардың айтуынша, бұл өзгеріс салықтық есепті жеңілдетіп, аталған саладағы әкімшілендіруді оңтайландырады. Ал, ішкі туризм бойынша туроператорлардың қызметі, отандық басылым кітаптарын сату, баспа кітаптарын шығару қызметтері мен археологиялық жұмыстар қосылған құн салығынан босатылды.
Гүлмира Сабралимова, ШҚО бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті түсіндіру жұмысы және байланыс орталығы басқармасының басшысы:
Енді туроператорлардың сыртқы туризм саласындағы қызметтері қосылған құн салығынан босатылады. Бұған дейін мұндай жеңілдік ішкі туризмге ғана қолданылған болатын.
Бұдан бөлек, алкоголь өнімдері мен темекі бұйымдарына салынатын акциз мөлшерлемесі 10 пайызға өсті. Сонымен қатар, құны жоғары сән тауарларын импорттауға қатысты акциздік мөлшерлемелер қайта қаралды.
Гүлмира Сабралимова, ШҚО бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті түсіндіру жұмысы және байланыс орталығы басқармасының басшысы:
Мысалы, алкоголь өнімдеріне салынатын акциз мөлшерлемесі литріне 2550 теңгеден 2805 теңгеге дейін өсті. Темекі өнімдеріне де акциз көлемі ұлғайтылды. Мәселен, литрінің құны 500 мың теңгеден асатын импорттық алкоголь өнімдеріне кедендік құнының 10 пайызы көлемінде акциз белгіленді. Сондай-ақ, бір данасының құны 10 мың теңгеден асатын импорттық шылымдарға да кедендік құнының 10 пайызы мөлшерінде акциз салынады. Бұдан бөлек, құны 18 мың айлық есептік көрсеткіштен, яғни 77 миллион теңгеден асатын жеңіл автокөліктерге, құны 20 мың АЕК-тен асатын яхталар мен ұшақтарға да 10 пайыздық акциз мөлшерлемесі енгізілді.
Тағы бір жаңашылдық – энергетикалық сусындарға акциздің енгізілуі. Биылдан бастап оның мөлшерлемесі литріне 100 теңгені құрайды. Алдағы бес жыл ішінде бұл көрсеткіш кезең-кезеңімен 240 теңгеге дейін өседі.
Фатима Тілейханқызы