Облыс орталығында «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында «Құқықтық мәдениет – жастар таңдауы» атты семинар ұйымдастырылды. Жиында құқық қорғау органдарының өкілдері жастарға цифрлық қауіпсіздік мәселелері жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Мамандар интернет кеңістігінде алаяқтардың әрекетін дер кезінде анықтау, жеке деректерді қорғау және онлайн-алаяқтықтың құрбанына айналмаудың тиімді жолдарын ұсынды.  

Бүгінде алаяқтар жастардың сенгіштігі мен ақпараттық сауатының төмендігін пайдаланып, оларды түрлі заңсыз әрекеттерге тартуды жиілеткен. Сондықтан мұндай кездесулердің берері мол. Басты мақсат – азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттырып, интернет кеңістігіндегі қауіп-қатерлерден сақтану жолдарын түсіндіру.

Динара Алпысбаева, ШҚО бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің аса маңызды істер жөніндегі жедел уәкілі:

Бұл іс-шараның негізгі мақсаты – жастар арасында профилактикалық және алдын алу жұмыстарын жүргізу. Оларды алаяқтардың, кибералаяқтардың, дропперлердің және басқа да заңсыз әрекеттерге тартатын тұлғалардың арбауына түсуден сақтандырғымыз келеді. 

Шара барысында сала мамандары жастарды «оңай табыс» туралы күмәнді ұсыныстарға сенбеуге, жеке деректерін бөгде адамдарға бермеуге және кез-келген ақпараттың шынайылығын міндетті түрде тексеруге шақырды. Құқықтық сауаттылықты арттыруға бағытталған мұндай профилактикалық жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады.

Гүлдана Айдарқызы