Өскемендік жеңіл атлетика спортшысы Жасмин Бегалинова бұған дейін тек спортшылар арасында ғана танымал болса, бүгінде оның суреттері әлемнің түкпір-түкпіріндегі әлеуметтік желі қолданушыларының қызу талқысына түсті. Күтпеген жерден келген танымалдық жас спортшыға мол мүмкіндік сыйлады. Бүгінде модельдік агенттіктер мен әйгілі брендтерден ұсыныстар түсуде. Алайда Жасмин спортты одан әрі жалғастырып, биік шыңдарды бағындыруды мақсат тұтуда. 

Бір ғана сурет бәрін өзгертті. Жасминнің фотосы әлеуметтік желілерде әп-сәтте кең тарап кетті. Желі қолданушылары қазақстандық жеңіл атлетшіні аниме кейіпкерлері мен компьютерлік ойындардың персонаждарына ұқсатуда. Күтпеген жерден келген танымалдықтың нәтижесінде спортшының әлеуметтік желідегі парақшасына жазылғандар саны 200 мыңнан асты.

18 жастағы Жасмин колледжде жаттықтырушы мамандығы бойынша білім алуда. Сонымен қатар ол спорттық мансабын қатар алып келеді. Спортшының айтуынша, оның спорттағы жолы жеті жыл айналысқан баскетболдан басталған. Кейін жеңіл атлетикаға ауысып, осы спорт түрімен төрт жыл ішінде-ақ алғашқы елеулі жетістіктеріне қол жеткізді.

Жасмин Бегалинова, спортшы: 

«Мен әлі күнге дейін бұған үйрене алар емеспін. Әлі де қатты таңғалып жүрмін. Болып жатқан жайтқа сене алмаймын, мұның бәрі дәл менің басымнан өтіп жатқанына әлі де сену қиын. Қазір маған ынтымақтастық туралы көптеген ұсыныстар түсіп жатыр. Көптеген журналистер, фотографтар, модельдік агенттіктер хабарласып жатыр. Сондай-ақ түрлі брендтердің жарнамасына қатысу жөнінде де ұсыныстар келіп түсуде Әсіресе, анама мен үшін жасап жүрген бар қамқорлығы мен қолдауы үшін шексіз алғысымды білдіремін. 

Жаттықтырушыларының айтуынша, Жасмин – тәртіпке берік, еңбекқор спортшы. Ол күнделікті тынымсыз жаттығудың арқасында жоғары нәтижелерге қол жеткізді.

Богдан Весельский, жеңіл атлетикадан аға жаттықтырушы:

Жасмин қазіргі таңда биіктікке секіру сынында өнер көрсетеді. Бұған дейін ол қысқа қашықтыққа жүгіруден де жарысқа қатысқан. Есімде, спортқа алғаш келгенде көпсайыс бойынша да бақ сынап көрді. Бұл да ол үшін өте қызықты тәжірибе болды. 2026 жылы Шымкент қаласында өткен Қазақстан чемпионатында үшінші орын иеленді. Қысқы маусымда да өзін жақсы қырынан көрсетті. Жалпы нәтижесі өте жақсы, даму қарқыны байқалады, болашағы зор. Биыл тағы бірнеше оқу-жаттығу жиыны жоспарланған. Сол дайындықтардан кейін Жасмин бұдан да жоғары нәтиже көрсетеді деп сенемін.

Жасмин бүгінде спортқа ден қойып, тыңғылықты дайындық жасауда. Жақында жеңіл атлет Қазақстан чемпионатында қола жүлдеге ие болды. Алдағы жоспары да ауқымды. Жасминге әрдайым құрбысы әрі командадағы серіктесі Анастасия Рыпакова қолдау көрсетеді. Оның пікірінше, жеңіл атлетикаға қызығатын жастардың саны жыл сайын артып келеді. 

Анастасия Рыпакова, жеңіл атлетші:

 «Жеңіл атлетика – спорттың падишасы. Бізде болашақ чемпиондар мен білікті спортшыларды, жаттықтырушыларды тәрбиелеуге барлық жағдай жасалған. Жаттығулардың барлығы тегін өткізіледі, кез келген адам келіп қатыса алады. Қазіргі уақытта 18 жасқа дейінгі спортшылар арасында жарыстар өтіп жатыр. Кешегі жарыс күнінің өзінде біздің спортшылар сегіз медаль жеңіп алды.

Жасмин жаттығуын ары қарай жалғастырып, алдына биік мақсаттар қоюда. Алдағы уақытта ол халықаралық деңгейдегі жарыстарда топ жаруды мақсат тұтады. 

Салтанат Кеңесбекқызы