Мемлекет басшысының тапсырмасына сай «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы жалғасын табуда. Туған жердің табиғатын қорғап, қоршаған ортаның тазалығына мән беруге үндейтін бұл бастама Ұлан ауданы халқын да бейжай қалдырмауда.

 «Таза Қазақстан» республикалық акциясы еліміздің барлық аймағында жалғасын тауып, жалпыхалықтық эко-челленджге айналды. Бұл күні Қасым Қайсенов кентінің тұрғындары аудандық әкімдік алдына жиналып, экологиялық акцияға өз үлестерін қосты. Басты мақсат – қоршаған ортаны сақтап, экологиялық мәдениетті қалыптастыру.

Әр мекеме қызметкерлеріне, белсенділерге белгілі бір аумақ бөлініп берілді. Бірі көше бойын тазартса, енді бірі кентті абаттандыру жұмыстарына белсене атсалысуда.

Көктемде бастау алған шара ауданда әр апта сайын жоспарға сай белгіленген кесте бойынша жүзеге асады.

Экологиялық акция аясында алдағы уақытта Ұлан ауданының туристік аймақтарында да тазарту жұмыстарын жүргізу жоспарланған.

Туған жердің тазалығы әр азаматқа парыз болса, «Таза Қазақстан» акциясы соның алғышартын қалыптастыратын дәстүрге айналды. Сондықтан, бұл экологиялық акция жыл соңына дейін жоспарланған.