Мектеп оқушылары үшін жазғы демалыс – ең сүйікті, ең қызыққа толы уақыт. Әсіресе, балаларға арналған лагерьлер мұндайда таптырмас орын. Солардың қатарында «Жігер» жазғы балалар лагерін айтуға болады. Бүлдіршіндер үшін демалысты танымды әрі ойын-сауықпен өткізуге болатын орынның бірі.

Бала біткенге қызық керек. Ал, орталықтағы ойын-сауық бағдарламалары сол қызыққа толы. Демалушылар жағымды пікірлерін айтып, көңілден шыққанын сөз етуде.

Әр жаз маусымы сайын бұл орын демалушыларына ерекше әлемге саяхаттағандай әсер қалдырады. Оның үстіне жазғы сауық¬тыру орталығы Шығыс Қазақстанның інжу-маржанының бірі, тұмса табиғаттың көз тартар кереметі саналатын Бұқтырма су қоймасы жағасында орналасқан. Бұл жерге 7 жастан 15 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдер келеді. Жаз аяқталғанша мұнда оқушылар сегіз маусым бойы демалады. Әр маусымның өз тақырыбы, стилі бар.

 «Жігер» лагерінде балалар 7 күн демалады. Күніне 5 уақыт тамақтанады. Балалар жазғы лагерінің асханасы бұған дейін күрделі жөндеуден өткен. Бүгінде жеке кәсіпкер Ғалия Мойкеқызы балалар үшін қолайлы жағдай жасап, азықпен қамтамасыз етіп отыр. Барлығы қатаң бақылауда.

Педагогтар мен тәлімгерлер балаларға барынша қызықты маусым ұйымдастыруда. Мұнда жаз бойы мыңнан аса оқушы тынығып қайтады.

Шығармашылық байқаулар, концерттер, түрлі квесттер мен шеберлік сыныптары бұл азы ғана. Балалар спортпен емін-еркін шұғылданып, жаңа достар тауып, шығармашылық қабілеттерін дамыта алады. Лагерде барлық санитарлық ережелер қатаң сақталған.