20 шілде – Металлургтер күні. Атаулы күнде аймақтағы ең ірі кәсіпорын – «Казцинк» ұжымы Өскеменде ерекше мереке ұйымдастырды. Мерекелік кеште қазақстандық эстрада жұлдыздары өнер көрсетті. Сондай-ақ, салтанатты шараға танымал әнші Maruv арнайы шақыртылды. Бұл күні кәсіпорынның үздік қызметкерлері марапатталып, алғыс хаттар табысталды.

Салтанатты шара «Казцинк» ұжымдық байқауының жеңімпаздарын марапаттаудан басталды. Бұл байқау жұмысшы мамандықтардың беделін арттырып, кәсіпорындағы түрлі бөлімшелердің жетістіктерін кеңінен танытуға бағытталған.

Аслан Тұрғанбаев, «Үздік жас маман» аталымының жеңімпазы:

Сәуір айында Түркістанға іссапармен барған кезімде байқауға қатысуға шешім қабылдадым. Мақсатым – жастардың құлшынысын арттыру. Компания жас мамандардың еңбегін бағалайтынына қуаныштымын.

Дәстүр бойынша металлургтер күнінде «Ізгі жүрек» жүлдесі де табысталды. Бұл марапат – өз өмірін қатерге тігіп, өзгеге көмек көрсеткен ержүрек жандарға беріледі.

Андрей Лазарев, «Казцинк» ЖШС әкімшілік мәселелер жөніндегі басқарушы директоры:

Өз өмірін қауіпке тігіп, өзге жанды құтқарған азаматтарды шетте қалдырмай, марапаттап жатырмыз. Бұл – тек батылдық емес, үлкен жүректілік пен адамгершіліктің үлгісі. Біз осындай жастарды тәрбиелеген ата-аналарға басымызды иіп, ерекше алғысымызды білдіреміз.

Марапат иелеріне 1 млн. теңге көлемінде ақшалай сыйақы да табысталды. Жеңімпаздардың бірі – Ұлттық Ұлан сарбазы Жанасбек Пермабек. Ол былтыр суға батып бара жатқан жасөспірімді құтқарып қалған. Жанасбек Пермабек – көпбалалы әке. Ол ерлігін бағалап, құттықтап жатқандарға алғыс білдірді.

Жанасбек Пермабек, «Ізгі жүрек» сыйлығының лауреаты:

Өткен жылы бір қызды судан құтқардым. Ешқандай ерлік деп санамаймын. Бұл ерлгімді барлығы бағалап жатыр. Президенттен медаль алдым. «Казцинк» компаниясы да құттықтап жатыр. Алғысым шексіз. Ең бастысы қолдау көрсеткен Шығыс өңірлік қолбасшылығы 6699 әскери бөліміне, достарыма және туыс-туғандарыма, әріптестеріме рахмет айтамын. Әрбір азаматтың міндеті деп білемін де, сеземін.

Бұдан бөлек, қаруланған қаскөйге қарсы тұрған студент Алмас Елемес пен өзенге батып бара жатқан баланы құтқарып қалған Ерасыл Омарханов та марапатқа ие болды. Металлургтерді мерекемен Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов та құттықтады.

Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:

Бұл мереке қайсарлық пен табандылықты, терең біліммен озық тәжірибені талап ететін кәсіп иелеріне арналған ерекше құрметтің белгісі. Металлургия – ел эконоимкасының негізін құрайтын стратегиялық сала... Осы сөздер сіздердің ерен еңбектеріңізге берілген жоғары бағаның дәлелі.

Кеш қонақтары үшін арнайы шоу-бағдарлама, интерактивті ойындар ұйымдастырылып, сыйлықтар таратылды.

Кеш қонақтарына арналған басты сый – қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен өткен сахналық кеш болды. Сонымен бірге танымал жұлдыз Maruv –тің өнер көрсетуі кештің көркін қыздырды.


ФАТИМА ТІЛЕЙХАНҚЫЗЫ