Марқакөл ауданына қарасты Боран ауылына орталықтандырылған су құбыры жүргізілуде. Таза ауыз су - бұл әрбір қазақстандық үшін күнделікті қажеттіліктің бірі. Әсіресе шалғайдағы ауылдарда бұл мәселе көпке дейін шешілмей келді. Марқакөл аудан болып құрылғалы жағдай өзгерген. Елдімекен тұрғындары алғаш рет үйлеріне таза су тарту мүмкіндігіне ие болмақ.

Боран - шалғайдағы ауыл. Тұрғындар көркем табиғатпен ғана емес, енді таза, әрі үзіліссіз келіп тұрған ауыз сумен де мақтана алады. Жергілікті жұрт көптен күткен сәт туды. Бұған дейін түрлі себеппен халық игілігіне берілмеген су жүйесі қайта жаңғырды.

Айдос Наурызбаев, Боран ауылдық округінің әкімі:

Ниет білдірген адамдар бар. Қазір суды қосқай. Және әрбір мекеме. Бұнда 11 мекеме бар. Әрбір мекемені су құбырына қосу керек болып отыр. Біз өзімізден бастап – мына әкімшілік қосқай отырмыз. Ал қалған больница бар, мектептер, толық осы суға қосылады. Неге десеңіздер қоспасақ су қайта қатып қалат дегендей болып тұр. Циркуляция болмағандықтан су қатып қалады деп тұр. Тағы да «ЧП» болады деген сөз. Сондықтанда қазір қолға алып жатырмыз, жұмыс істеп жатырмыз. Дальнейшом су қосуға бәріміз атсалысып жатырмыз.

Су құбырларын тарту жұмыстары 2018 жылы басталған. Алайда жоба өз мәресіне жетпеген. Араға 7 жыл салып, жұмыс қайта жанданды. Игілікті іске қаржы бөлініп, жүйенің басым бөлігі сақадай сай тұр.

Владимир Штанг, мердігер компания өкілі:

Біз су құбыры желілерінде жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Қазіргі таңда сорғы станциясындамыз. Мұнда сүзгілер мен сорғылар толықтай ауыстырылды. Яғни, бұл жерде дерлік бәрі жаңартылды. Қазір жұмыс 90 пайызға аяқталған. Қалғаны – 500 метр құбыр жүргізу және абоненттерді қосу ғана. Барлығы жақын арада аяқталады.

Боран ауылында 815 тұрғын және жалпы 211 аула бар. Соның ішінде 50 жанұя таза ауызсу енгізуге өтініш берген. Тұрғындардың жаппай кәріз жүйесіне өтпеуіне басты себеп – кей аулаларда құдықтың болуы. Десе де, жайлы өмірді аңсаған жұрт су жүйесі құрылысына дән риза.

Ерлан Жәкенұлы, Боран ауылының тұрғыны:

Аудан ашылғаннан кейін мына Боран ауылымызға ең бірінші жақслықтың бірі – үйге тартып жатқан су құбыры. Енді аяқталуға таяп қалды. Бәріміз қуаныштымыз. Үйімізге тезірек су кірсе екен. Ары қарай тоқтап қалмаса екен. Жұмысын жалғастырып ары қарай халыққа бір жақсы таза су ішкізетіндей жағдай болса екен дейміз. Қазір ақырын-ақырын міне жастар келіп жатыр. Жұмыстар ашылып жатыр. Енді мына сияқты міне суларымыз андай-мындайымыз тартылып деген сияқты. Бала-шаға кішкене енді артып келеді.

Боран ауылдық округіне 5 елдімекен қарайды. Аудан құрылғалы ірілі-ұсақ ауылдарға теңдей көңіл бөлінуде. Мәселен, Игілік ауылында мектеп құрылысы аяқталуға жақын. Нысанның маңында «Бірқабатты Шығыс» бағдарламасы бойынша тұрғын үйлер де бой көтеруде.


Дидар Ерболатқызы