Аймақта экологиялық қауіпсіздікке бағытталған жаңа жоба қолға алынды. Облыс әкімдігі мен Қытайлық компания ынтымақтастық туралы бес жылдық меморандумға қол қойды. Бұл бастама тау-кен және металлургия өнеркәсібінің қатты қалдықтарын қайта өңдеуге арналған.

Жоба аясында өндірістік қалдықтар заманауи технологиялармен өңделіп, құрамындағы пайдалы элементтер кәдеге жаратылады. Меморандум құжатында екі жақтың да стратегиялық және өзара тиімді ынтымақтастыққа дайын екені нақты жазылған. Жобаның жалпы инвестиция көлемі шамамен 200 млн. АҚШ долларын құрайды. Оның алғашқы кезеңінде 50 млн. доллар қарастырылып отыр. Бұл қаржы технологияларды енгізуге және өндіріс инфрақұрылымын дамытуға бағытталмақ.

Сюй Маохуа, «Huaxinmao Group» компаниясының Президенті:

Шығыс Қазақстан облысы бізге үлкен әсер қалдырды. Бұл өңір ресурстарға бай, көрікті және болашағы зор мекен. Біздің мамандар аймақты зерттеп, өндірістік және экологиялық әлеуетін жоғары бағалады. Біз қазақстандық заңнама мен жергілікті басымдықтарды ескере отырып, үздік технологияларымызды енгізуге дайынбыз. Қазақстанның жасыл экономикасына нақты үлес қосқымыз келеді.

Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов бұл жобаның өңір үшін үлкен маңызға ие екенін атап өтті. Аймақ минералды ресурстарға бай болғанымен, өндірістік қалдықтар қоршаған ортаға кері әсерін тигізіп келеді. Сондықтан қалдықтарды қайта өңдеу - экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің тиімді жолы.

Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:

Мен жауапты басқармаларға заң аясында жобаны қолдаудың барлық тетіктерін қарастыруды тапсырдым. Бұл - өңір үшін маңызды бастама. Әріптестік екі тарапқа да тиімді болады деп сенемін.

Бұл жоба - өңір экологиясын жақсартып қана қоймай, жаңа мүмкіндіктерге жол ашатын нақты қадам. Жергілікті мамандарды жұмысқа тарту, инфрақұрылымды дамыту және халықаралық әріптестікті кеңейту - меморандумның басты бағыттары. Ендігі міндет - келісілген жоспарларды тиімді іске асыру.


БЕКАРЫС СЕКЕН