Самар ауданындағы Жаңа жол ауылына биыл – 100 жыл толып отыр. Ғасырлық тарихы бар елдімекен үшін атаулы күннің маңызы зор. Себебі, шараны ұйымдастырушылар ауылдың өткені мен бүгініне өзек болған барша құндылығын келешек ұрпаққа асыл мұра етіп қалдыруды көздеген.
Мерейтойға орай ауылда бірнеше әлеуметтік нысан жөндеуден өтіп, көптен күткен мәдениет үйі тұрғындарға есігін айқара ашты. Мекеменің ашылу салтанатына аудан әкімі, тұрғындар және шалғайдан ат терлетіп келген қонақтар қатысты. Тұрғындар бұл күнді асыға күтті. Өйткені, нысан тек ғимарат емес, рухани орталық, жастар үшін тәрбие мекені.
Серік Жеңісов, Самар ауданының әкімі:
Бүгінгі 100 жылдық мерейтойларыңыз ауылдың құтты болсын. Осы Жаңа жолдың бірлігі жарасқан, елдің іргесінде тұрған осындай бір жақсы ауылымыз бар. Бір-екі мәселелер бар еді деп едік. Міне, жаңа осы келіп отырған ең бірінші осы клуб болды.Бірнеше жыл тұрып қалған. Осы клубтың бәрін жасап, міне, осы мерейтойға арнап бітірдік. Бұл енді осы ауылдың игілігіне беріп отырмыз.
Жаңа жол – саналы ұрпақ өрбітіп келе жатқан құт мекен. Ауылда туып, түлеп ұшқан талай шәкірт бүгінде елдің әр өңірінде, түрлі салада қызмет етіп жүр. Мереке аясында ауылдың өркендеуіне үлес қосқан ұлағатты ұстаздарға ерекше ілтипат көрсетілді. Ауыл үшін тер төккен еңбек адамдары да құрметке бөленді.
Фарида Ғаниева, ауыл тұрғыны:
Осы Жаңа жол өте жақсы, қасиетті, шежіреге толы, сондай күшті, жақсы ауыл. Қазіргі міне жастар әрі қарай өркендетіп жатыр. Бірақта бұрынғы, сол кездегі буындағы ағаларымыздың барлығы кетіп қалды. Енді ол кісілердің артында қалдырған іздері, ұрпақтары қалды. Барлығы бар.
Жаңа жол – тарихтың тереңінен тамыр тартқан мекен. Кеңес дәуірінде өңірде ауыл шаруашылығының дамуына үлкен үлес қосты. Еңбек адамдарының арқасында экономика алға басты.
Ерлан Изамиев, ауыл тұрғыны:
Енді мынау үлкен 100 жылдық, бір ғасырлық өмір бар бұл ауылда. Негізгі тараған жері Тана мырза мешітінен тараған. Мына Ертістің бойында, өзеннің құйылысында орналасқан үлкен ауыл болған. Біздің тіршілігіміз ба. Алланың қалауымен осы уақытқа жетіп жатырмыз. Кәсіпкер жігіттер бар, еңбек ететін азаматтарымыз бар, ауылда салиқалы ақсақалдарымыз бар, апаларымыз, әжелеріміз бар.
Бұл ауылдан түрлі білікті сала мамандары түлеп ұшты. Еңбек адамдарының жолын жалғастырып келе жатқан жас буын ауылдың өсіп-өркендеуіне белсенді үлес қосып келеді.
Гүлнар Шайкиева, Жаңа жол ауылының тумасы:
Бүгін керемет осындай нұрлы күнде Самар ауданында, Жаңа жол ауылында осындай үлкен бір мерейтой. Өте қуаныштымыз. Өзім осы ауылда туып өскенмін, білімімді алғанмын.
Той тек естелікпен емес, ұлттық рухпен жалғасты. Мерекелік концерттен кейін қазақы салтқа сай бәйге ұйымдастырылып, балуандар белдесті. Қазақ күресі, арқан тарту, қой көтеру сынды ұлттық ойындар думанды тойдың көркін қыздырды.
Талант Тұрсынов