Күні кеше Металлургтер кәсіби мерекелерін атап өтті. Олардың еңбегі қашан да бағалауға тұрарлық. Атаулы күннің ізін суытпай «AMANAT» партиясының Шығыс Қазақстан облыстық филиалы да кеншілерді елеп-ескеріп, төл мерекелерімен құттықтады. Қоғам мен экономикада айрықша орны бар ауыр өнеркәсіп қызметкерлеріне арнайы құрмет көрсетіліп, үздіктер алғыс хаттармен марапатталды.
Мың градустық ыстық, ауыр цехтағы тынымсыз тірлік. Бұл – тек шыдам мен жігерді, тәртіп пен табандылықты талап ететін еңбек. Өскемен – Қазақстанның ірі металлургиялық орталығы. Мұнда жүздеген жұмысшы Қазақстанның өндірістік әлеуетін арттыру жолында тер төгіп келеді. «AMANAT» партиясының облыстағы филиалы сол қажырлы еңбектің иелерін құрметтеп, жұмыстарына сәттілік тіледі.
Сайрангүл Жұмаділова, «AMANAT» партиясының ШҚОФ төрағасы:
Біздің қаламыз екі үлкен кәсіпорын орналасқан. Ол – Титан- магний комбинаты және «Казцинк» ЖШС. Сондықтан, металлургтардың басшылары облыстық, қалалық мәслихат депутаттары. Сондай-ақ, бұл жерде бастауыш партия ұйымдары орналасқан.... Біз ол металлургтерге қолдау көрсетеміз. Бүгін біз енді ең үздік металлургтерді шақырып отырмыз. Оларды «Аманат» партиясының төрағасының алғыс хаттары мен мақтау қағаздарымен марапаттайтын боламыз.
Салтанатты жиын барысында түрлі кәсіпорындарда көп жылдан бері еңбек етіп жүрген мамандарға партия тарапынан алғыс хаттар мен төсбелгілер табысталды. Солардың бірі – «Казцинк» ЖШС Металлургиялық кешенінің түсті металлургия өнімі бойынша бақылаушысы Бақытгүл Тұрабаева.
Бақытгүл Тұрабаева, «Казцинк» ЖШС металлургиялық кешенінің түсті металлургия бөлімінің бақылаушысы:
Мен «Казцинк» металлургия кешенінде 15 жылдан бері жұмыс жасаймын. Әркез «Аманат» партиясы біздің еңбегімізді елеусіз қалдырмайды. Әр кезде осындай құрмет грамотасымен марапаттап тұрады. Әрқашан еңбектеріңізге табыс, осындай ауыр кешенде жұмыс істеп жатқан адамдарды елеусіз қалдырмағандарыңызға алғыс айтамын. Жұмыстарыңыз алға баса берсін. Біз де жұмысымызды алға жасай берейік.
Электр қуатын үздіксіз қамтамасыз ету – металлургия саласында аса маңызды міндет. Бұл бағытта ұзақ жылдар еңбек етіп келе жатқан маман – Валерий Яшкин де алғысқа бөленді.
Валерий Яшкин, «Үлбі металлургиялық зауыты» АҚ электр жабдықтарын жөндеу және қызмет көрсету жөніндегі электромонтері:
Мені елеп-ескеріп шақырып, құттықтап жатқан «Аманат» партиясына алғысымды білдіремін. «Аманат» партиясы бізді ешқашан шетте қалдырған емес. Өзіміз осы партияның мүшесі болғандықтан, қоғамдық жұмыстардаға да белсенді қатысып жүреміз.
Ал, «Казцинк» ЖШС –де қызмет атқаратын Рауан Құнапияновтың еңбек өтілі – 30 жылға жуықтайды. Ол бұл жиында «Белсенді қызметі үшін» төсбелгісімен марапатталды.
Рауан Құнапиянов, «Казцинк» ЖШС кран машинисі:
1999 жылы «Казцинкке» жұмысқа кіріп, 2000 жылы отбасылы бодым. Содан бері «Казцинкпен» өніп-өсіп келе жатырмын. Құдай берген 7 қызым бар. Енді осындай шара жасап жатқан «Аманат» партиясына рахмет. Міне, орден алып отырмын. Барлық ауыр металлургияда жұмыс істейтін жігіттерге денсаулық тілеймін. Осылай бірге жұмыс істеп жүре берейік.
Металлургтердің қажырлы еңбегі – ел экономикасының берік тірегі. Бүгінгі марапат – сол еңбектің лайықты бағалануы.
ФАТИМА ТІЛЕЙХАНҚЫЗЫ