Елде шілденің екінші жексенбісінде балықшылар күні тойланады. Бұл – өзен-көл жағалап, кәсіпті нәсіп еткен жандар үшін ерекше мереке. Осы күні Зайсан көлінің жағасын иен жайлаған Тұғыл ауылында да дәстүрлі шара ұйымдастырылды. Сала майталмандары мен ардагерлерінің еңбегі еленді.
Бала күнінен көл жағасында талмай еңбек етіп, ау тартқан Зарылқан Нағұмановқа балық шаруашылығы саласының еңбек сіңірген қызметкері төсбелгісі табысталды.
Зарылқан Нағұманов, зейнеткер:
16 жасымнан бері 47 жыл істедім балықта. Екі жыл ғана солдатқа бардым. Қалғанының бәрі бүкіл өмірім балықпен өтті. Төзімді болу керек адам. Шыдамды болуы керек. Алды-артыңды ойлап отыру керек.
Салада соңғы жылдары нормативтік-құқықтық базаның кеңейтілуі – өндірістің алға жылжуына ықпал етті. Балық шаруашылығын ғылыми тұрғыда дамытып жүрген мамандардың да еңбегі елеусіз қалмады. Талай жылын осы бағытқа арнап жүрген ардагер Санақбек Кітапбаев «Қазақстанның Алтын кітабына» енді.
Санақбек Кітапбаев, «Балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы» ЖШС Алтай филиалының бөлім басшысы:
Бұрынғы жылмен салыстырғанда көп заңда іске асыратын нормативтік акті қабылданыып жатыр. Жуырда аквамәдениет жайлы қабылданды. Соны іске асыру үшін 70 шақты заң аясындағы актілер керек екен. Соны қабылдау бойынша комитет облысаралық инспекциясы осы бағытта жұмыс істеп жатыр.
Айдыннан несібесін тергендердің кәсіби мерекесі жыл сайын кең көлемде аталып өтеді. Мәселен, 2023 жылы мереке Ұлан ауданында, ал былтыр Күршім ауданында тойланған. Биылғы шараға Зайсан, Күршім аудандары мен жергілікті өндірістік кооперативтерден келген балық өндірушілер қатысты.
Талғат Рахимжанов, Зайсан -Ертіс облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының басшысы:
2021 жылдан бастап елімізде балық шаруашылығын дамыту бағдарламасы қабылданды. Мемлекет алдында жоспарлар енгізіліп, кәсіби балық аулаудан балық өсіруге бағыт бұрдық. Қазір Тарбағатай өңірі балық аулаумен айналысатын өңірдің бірі. Телімде Зайсан көлі бойынша 7 мың тонна балық ауланып, өңделіп алыс-жақын шет елдерге экспортталады.
Ауылдан шыққан спорт саңлақтары да мерекеге қатысты. Қол күрестен әлемнің 6 дүркін чемпионы Евгения Гуньконың отбасы Тұғыл ауылында ата кәсіпті жалғастырып жүр.
Евгения Гунько, қол күресінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері:
Мен осы Тұғыл ауылының тұрғынымын. Ағаларым, әкелерім бәрі балықпен айналысады. Атам да осы балықпен айналысқан.
Балықшылар күні – су маржанын теріп, ел экономикасына үлес қосып жүрген жандардың еңбегін дәріптейтін айрықша күн.
Марат Қызов, Тарбағатай ауданы әкімінің орынбасары:
5 үлкен өнеркәсіп бар. Мыңға жуық адам жұмыс істейді. Одан бөлек ұсақ өнеркәсіп бар. Тұғыл ауылына үлкен көңіл бөлініп жатыр. Инфрақұрылымы жөнделіп жатыр.
Мерекелік шара соңы түрлі спорттық және ұлттық ойындарға ұласты. Жарысқа көршілес Абай облысынан да спортшылар келді. Ауыл халқы бірлік пен берекені ту етіп, ата кәсіпке құрмет көрсетті.
Қымбат Иманғалиева