Ауыл халқының денсаулығын жақсарту – ел дамуындағы маңызды басымдықтардың бірі. Соңғы жылдары шалғай елдімекендердегі медицина мекемелерін жаңғыртуға бағытталған жүйелі жұмыстар қарқын алып келеді. Тарбағатай ауданында жүзеге асып жатқан тың өзгерістер жайлы әріптесімнің бейнематериалында.
Медициналық қызмет сапасын арттыру мақсатында Ақжар ауылындағы аудандық ауруханаға жапондық заманауи компьютерлік томограф аппараты орнатылды. Жалпы құны 456 млн. теңге. Бұл құрылғы 160 түрлі кескін жасап, жүрек-қан тамыр ауруларын ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік береді.
Гүлжанар Қожарханқызы, Тарбағатай аудандық ауруханасының бас дәрігерінің орынбасары:
Соңғы 3 жылда өте үлкен өзгерістер болды. 2023 жылы аудандық ауруханаға қарасты 6 медициналық пунктке жаңадан құрылыс басталып, аяқталды. 2024 жылы тағы 3 медпункт жаңадан салынды. Жалпы айтқанда 23-24 жылы ауруханаға қарасты 9 медпункт жаңадан салынды.
Аудандық аурухана биыл игі бастамаларды іске асырды. Мәселен, перзентхана мен жұқпалы аурулар бөлімі толық жаңартылып, заманауи құрылғылармен жабдықталды. 1976 жылы пайдалануға берілген нысанның емхана бөлімінде күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу көзделген. Ауданда қолға алынған шараларға ауыл халқы дән риза.
Ілияс Тоқтарбекұлы, Ақжар ауылының тұрғыны:
Жақсы қарайды, оборудованиесі жаңа, жас врачтар келіп жатыр оқыған, медсестралар да жақсы қарап жатыр.
Бұдан бөлек, «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен тірек-қимыл жүйесінде ақау бар науқастарға арналған оңалту орталығы іске қосылды. Ал емхана бөлімінің стоматологиялық кабинеті жаңа рентген аппаратымен толықты. Ауылға маман тарту жағы да оңтайлы ұйымдастырылған.
Гүлжанар Қожарханқызы, Тарбағатай аудандық ауруханасының бас дәрігерінің орынбасары:
2024-25 жж біздің ауруханамызға реаниматолог, стамотолог, жалпы тәжірибелік маман, акушер гинеколог келді. Өзімізде бұрыннан істейтін дәрігерлер шетелге барып білімін асырып келіп жатыр. Соңғы 3 жылда реаниматолог дәрігеріміз Израиль еліне барып білімін жетілдірді. Үйреніп келген тәжірибесін қолданып аудан тұрғындарына нархозбен түсіріп жатыр.
Тарбағатай ауданына қарасты Тұғыл ауылындағы дәрігерлік амбулатория да үлкен өзгеріс алдында. Бұл нысанға 348 миллион теңге бөлініп, күрделі жөндеу басталды. Құрылыс жұмыстары қарашаның 13-інде аяқталуы тиіс.
Мерхат Хамсабеков, мердігер компания өкілі:
Демонтаж жұмыстары бұрынғы терезе есіктерін алып, жаңа құрылыс жұмыстарын жасау үшін, ескі шпаклевкасын қырып жатырмыз. Қайтадан бәрін жаңадан бастайды.
Жөндеу жұмыстары кезінде дәрігерлер уақытша басқа ғимаратқа көшірілді.
Әйгерім Асанова, Тұғыл дәрігерлік амбулаториясының меңгерушісі:
Жөндеу жұмыстарына «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы негізінде 348 млн ақша бөлініп отыр. Тұғыл дәрігерлік амбулаториясында 1 дәрігер, 30 шақты медицина қызметкері жұмыс істейді. Қазіргі таңда біз ХҚКО көшіп, екінші қабатта отырмыз.
Жергілікті халық бұл ғимараттың іші бұрын ескі, суық болған дейді. Енді ғимарат жаңарса, білікті мамандар да келе ме деген үміттері бар.
Қанағат Смағұлов, Тұғыл ауылының тұрғыны:
Бізге бір врач керек. Ремонт жасалғаннан кейін ішінде дәрігер болу керек. Бізді емдейтін кісі керек.
Ауыл медицинасының әлеуетін күшейту – тек инфрақұрылымды жаңарту ғана емес, халықтың өмір сапасын көтеру жолындағы маңызды қадам. Тарбағатайда қолға алынған бастамалар осы бағыттағы жүйелі жұмыстың нақты дәлелі.
Қымбат Иманғалиева