Облыс орталығында «Oskemen Open 2025» халықаралық шахмат турнирінің ашылу салтанаты өтті. Бұл турнирге жиырма елден келген 79 шахматшы қатысады. Оның ішінде 21 гроссмейстер мен 35 халықаралық шебер бар. Фестивальдің жалпы жүлде қоры — 100 мың АҚШ доллары.
Ауқымды спорттық шараны Қазақстан шахмат федерациясы мен ҚР Туризм және спорт министрлігі, ШҚО Дене шынықтыру және спорт басқармасы ұйымдастырып отыр. Турнир үш бағытты қамтиды. Ал, швейцариялық жүйе бойынша турнир 9 турдан тұрады. Әр ойыншыға 90 минут және әр жүріс үшін 30 секунд қосымша уақыт беріледі.
Марат Есенов, Қазақстан шахмат федерациясының вице-президенті:
Жалпы, біздің мақсатымыз – 2023 жылы Қазақстанда заң шықты шахматты дамыту жөнінде. Сол бағытта біз барлық деңгейде, мектептен бастап шахматшыларды дайындап жатырмыз. Бастауыш мектептерде 20 пайызға дейін оқушыларды тартуға талап қойдық өзімізге. Жарыстың өзі онлайн форматта өтеді, әлем бойынша кім алда кім артта келе жатыр көре алады бәрі. Өскемен опен жалпы Өскемен қаласы шахматтың үлкен орталығы болады деген сеніміміз бар.
Жарысқа Аргентинадан келген 11 жасар халықаралық шебер Фаустино Оро да бар. Ол — тарихтағы ең жас шахматшы және блицтен Chess.com сайтында 3000 деңгейлі рейтингке қол жеткізген жалғыз жасөспірім. Бұдан бөлек, басты фавориттер қатарында Венгриядан келген Рихард Раппорт бар. Супергроссмейстерлер арасындағы бәсеке тартысты болмақ.
Рихард Раппорт, гроссмейстер:
Бұл ойынның мен үшін маңыздылығы жоғары. Шахматты әлдеқандай бір мақсатта ойнамаймын, бұл менің хоббиім. Уақытымның көп бөлігін шахматпен өткіземін. Бұл туринирге әлемнің үздіктері түгелдей жиналды. Шахматтың тәртіпке, терең ойлауға, төзімділік пен жеңіске ұмтылуға үйрететінін айтқым келеді.
«Oskemen Open 2025» — бұл тек спорттық жарыс емес, ол — әлемдік гроссмейстерлер мен қазақстандық шахмат жұлдыздарын бір ортада тоғыстырған ауқымды шара. Әрі жас дарындар үшін үлкен сахнаға шығатын бірегей мүмкіндік. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай ауқымды жарыстар Қазақстанда шахматты дамытуға тың серпін береді.
Ербол Нұрғалиев, ШҚО әкімінің орынбасары:
Қазіргі біздің өңірде 27 шахмат клубы мен мектептер жұмыс істейді. Бес мыңнан астам балалар шахматпен айналысуда. Ары қарайда біз осы шахматты қолдау керекпіз. Қолдаймыз.
Финал қарашада Алматыда ұйымдастырылады. Онда әр кезеңде ең көп ұпай жинаған 6 ойыншы мен федерация шешімімен таңдалған тағы 6 шахматшы бақ сынайды.
ФАТИМА ТІЛЕЙХАНҚЫЗЫ