Аймақта аптап ыстықпен бірге суға түсушілердің саны артты. Осыған байланысты құтқарушылар жағажайларда қауіпсіздік шараларын күшейтіп, рейдтер санын көбейтуде. Суға шомылуға рұқсат етілмеген орындар басты қауіптің көзі болып отыр.
Иә, облыста соңғы бірнеше күн бойы ауа температурасы 30 градустан төмендемей тұр. Осы кезеңде су айдындарында демалушылардың саны күрт артып, қауіпсіздік мәселесі ерекше назарға алынды. Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, құтқарушылар көліктік бақылау инспекциясы, жергілікті атқарушы органдар, полиция және еріктілермен бірлесіп, су айдындарында патрульдеуді күшейтті.
Алмас Байжұминов, ШҚО ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасының аға офицері:
Осы шаралардың негізгі мақсаты – ол біздің ШҚО тұрғындарына және қонақтарына судағы қауіпсіздік бойынша мәліметтер жеткізу, демалушылардың арасында бұзушылықтар анықталса ол жерде әкімшілік құқықтық кодекс бойынша іс шаралар қолданылады.
Әсіресе, демалушылар көп жиналатын Бұқтырма су қоймасы маңында кең ауқымды рейд ұйымдастырылды. Рейд барысында жүзу құралдарын пайдаланудағы ережелерді бұзу, құтқару кеудешелерін кимеу, арнайы жабдықталмаған жағажайларда шомылу сияқты заңбұзушылықтар анықталды. Қауіпсіздік шараларын елемеген 35 азамат ҚР ӘҚБК-нің 412-бабы бойынша жауапкершілікке тартылды.
Зарина Бүлкібаева, волонтер:
Алтай жастары волонтері ретінде мен сіздерге қауіпсіздік жайлы айтқым келеді. Ең бастысы мен ата- аналарға айтқым келетіні осы жағалауға балаларыңызды жібермесеңіздер. Есте сақтайтын нәрсе ол тек рұқсат етілген жерде ғана жүрсеңіздер. Мас болған кезде жүзбесеңіздер.
Рейд барысында құтқарушылар жағажай иелеріне түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Демалушыларға арналған орындарда медициналық пункттердің және құтқару құралдарының болуын талап етті. Аймақта шомылу маусымы басталғалы бері 1113 рейд жүргізілген. Бұл шаралар судағы жазатайым оқиғалардың алдын алуға бағытталған. Қазіргі таңда құтқарушы мамандар жаңа заманауи су көліктері, дрон сынды құрал – жабдықтармен қамтылуда. Осының арқасында олар адамдар көп жиналатын аумақты әуеден бақылап, төтенше жағдай орын алған кезде жедел көмек көрсете алады.
ГҮЛДАНА АЙДАРҚЫЗЫ