Шығысқа елдің оңтүстігінен ерікті түрде 370-тен астам адам қоныс аударуға ниетті. Бастама еңбек ресурстарын тиімді орналастыруға бағытталған. Көші-қон жұмыс күші тапшы өңірлердің тіршілігін қайта жандандырады деген үміт бар.
Ішкі көш-қон бағдарламасы мемлекет қолдауымен жүзеге асырылып келеді. Жоба аясында халқы тығыз орналасқан оңтүстік аймақтан ондаған отбасы шығысқа қоныс аударған. Бұл бастаманың негізгі мақсаты – еңбек ресурстарын өңірлер бойынша теңдей үлестіру және азаматтардың өмір сүру сапасын арттыру.
Жаңабай Ағабеков, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты:
Өткен жылы ШҚО 40-қа жуық семьяны жайғастырдық. Марқакөл мен Күршім аудандарына жайғасты. Қазір үлкен жетістікке жеткен азаматтар мен азаматшаларымыз баршылық. Жақында ғана осы шығысқа 1 автобус халықты алып келдік. Барлық біраз аудандарды аралап шықтық.Қазіргі таңда сол кісілер осы шығысқа көшіп келуге дайын отыр.
Байсалды көшке қолдау көп. Келушілердің шығыстағы тіршілікпен танысып қайтуына жағдай жасап, қол ұшын созатындар бар.
Арайлым Сімбекова, Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының еңбек мобильділігі орталығының директоры:
Биылғы жылы ШҚО оңтүстік аймақтардан 372 адамды көшіруге байланысты квота бекітілген. Осы квотаға сәйкес біз жыл басынан жұмыстарды жасап жатырмыз. Бірінші кезеңде біз оңтүстік өңірлерде адам саны көп өңірлерге барып, түсіндіру ақпараттық жұмыстарын жүргіздік. Екінші кезеңде ол кісілер бізге танысуға келді. Үшінші кезеңде ниет білдірген, көшіп келем деген азаматтар осы жерге квотаға кіру бойынша өтініштерін беріп, арнайы комиисямен оң шешім қабылданған жағдайда бізге көшіп келуге мүмкіндіктері бар.
Бағдарламаға қатысудың басты шарты – қоныстанған өңірде кемінде бес жыл тұрақтау. Бұл талап қабылдаушы аймақтардың дамуы мен әлеуметтік орнықтылығын қамтамасыз ету үшін қажет.
Дидар Ерболатқызы