Өңірде спортты дамыту бағытында жұмыс қарқын алып келеді. Дене шынықтыру және спорт басқармасы «Алтай» футбол клубының жас футболшыларына жаңа форма мен спорттық жабдықтар табыстады. Шараға басқарма басшысы Асқар Можанов, клуб жетекшілері, жаттықтырушылар құрамы мен спортшылар қатысты.
 «Алтай» футбол клубында 500-ге жуық өрен бар жаттығады. Клуб директоры спорттың бұл түріне жағдай жасалып жатқанын айтып, жағымды жаңалықтарымен бөлісті. Мәселен, биыл футбол алаңындағы тозығы жеткен торлар жаңартылып, қосалқы футбол алаңында жөндеу жұмысы басталатынын жеткізді. Сондай-ақ, «Өскемен» клубы құрылғанына аз уақыт өтсе де, жақсы нәтижелер көрсетіп жүргенін айтты.
Команданың әр түрлі киім формасымен алаңға шығуы бапкерлер мен ата-аналардың уайымы болған еді. Бүгін бұл мәселе де шешімін тапты, енді спорттық киімдері мен жабдықтары алдағы уақытта жылына бір рет жаңартылып отыратынына қуанышты.
Өңір намысын байрақты бәсекелерде қорғауға бар күш-жігерін салып жүрген жасөспірімдер игі бастамаға ризашылықтарын білдірді. Бұл оларға жаңа серпін мен ойынға қызығушылықтарын арттыруға септігін тигізеді.
Сондай-ақ, спортшылардың киім ауыстыратын бөлмелері, алаңдағы ұпай таблосы да жаңартылған. Қолайлы жаттығу алаңының болуы жас спортшылардың жеңіске деген сенімін нықтап, жігерін жаниды.