Биыл аймақ диқаншылары 645 мың гектардан астам жерге егін еккен. Оның 280 мың гектары дәнді дақылдар. Ал, 220 мың гектар аумаққа майлы дақылдар егілді. Бір ғана Зайсан ауданындағы егін аумағы 15 мың гектар. Зайсандық шаруалар егістіктерді тың әдіс – тамшылатып суару технологиясымен суарып жатыр.

Жалпы, биыл өңір агрономдары былтырмен салыстырғанда 6-7 пайызға артық өнім болады, деп жоспарлап отыр. Оған жауынның молдығы да сеп. Десе де, мол суды ысырап қылмай ақылмен жұмсаған жөн. Бұл ретте Зайсанның егіншілері ептілік танытты. Көрші Қытай елінен жаңа әдісті үйреніп, алқаптарға қондырғыларын орнатқан. Себебі, тамшылатып суару – таптырмас амал. Мұны үлкенқараталдық фермерлер растап отыр. Егіншілердің айтуынша, топырақтағы тыңайтқыштар мен құнарлы заттар жоғалмайды. Алқаптарды те¬гіс¬теудің керегі де жоқ, арамшөптердің өсуі де азаяды. Бастысы – суға үнем.

Фермерлер бір әттеген-айы шаруа шекарадағы кейбір процесстерге және ауа райының қолайсыздығына байланысты кешеуілдеп басталғанын айтады. Дегенмен, биыл тәжірибелік өнім жақсы болса, келесі жылы алқап аумағын молайтуды жоспарлап отыр. Ол ғана емес, зайсандық шаруа қожалықтары келешекте тамшылатып суаруға қажет заттарды шығаратын зауытты да салсақ, деген ойда.