Тарбағатай ауданы әр салада қарыштап дамып келеді. Бастысы өрлеу бар. Әсіресе, аудан тұрғындарын алаңдатқан жол мәселесі бір жағына шығып келеді. Орталығы Ақжар болып, дербес аудан ретінде қайта құрылғалы түйіткілді мәселенің түйіні тарқап, игі іс қолға алынды. Республикалық, облыстық маңызға ие жолдардан бөлек, ауыл-ауылды жалғайтын жолдар да жөнделіп жатыр.

Аудан тұрғындарының хал-ахуалын арттыру үшін, ең алдымен, жолды жақсарту керектігі анық. Сондықтан да аудан әкімдігі қазір ауылдарға апаратын бағыттарды және ауыл іші жолдарын жөндеуге кірісіп кеткен. Жөндеу жұмыстары «Жол жылы» және «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында жүргізіліп жатыр.

Аудан орталығы Ақжар ауылында да сүреңсіз жолдарды жөндеу жұмыстары қарқынды. Биыл мұнда бес бірдей көшеге асфальт төселіп жатыр. Бұл ауыл халқының көптен күткен қуанышы. Қазір тақтайдай тегіс жерде бала-шаға ойнап, жұрт игілікті істің рахатын көріп отыр. Ұзақ жылдар бойғы ойдым-ойдым жолдың мәселесі шешілді.

Бұдан бөлек, жол жылы аясында Тарбағатай ауданындағы облыстық Акжар-Шілікті жолының 93-108 шақырымдары, яғни Маңырақ пен Бозша ауылдарының арасындағы 15 шақырым жолға орташа жөндеу жүргізіліп жатыр. Келер жылы Бозша ауылынан бастап Сарыөлең ауылының бұрылысына дейінгі 15 шақырым жол орташа жөнделмек. Сонымен қатар, халық арасында «29» аталып кеткен Ақжар ауылы мен Омбы – Майқапшағай күре жолын жалғайтын 18 шақырым жолдың орташа жөндеу жұмыстары аяқталды.