Қытай әлемдегі цифрлық қуаты мол мемлекет саналады. Ақпараттық технологияларымен тек ішкі нарықты ғана қамтып қоймай, басқа елдерге де саудалап отыр. Мәселен, Huawei, China mobile сияқты танымал компаниялардың өнімдері отандық нарықта жоғары сұраныста. Өскеменнен Қарамай қаласына арнайы барған ІТ сала мамандары көрші елден бұл салада үйренеріміз өте көп деп отыр. Тәжірибе жинақтаудың алғашқы қадамдары басталып та кетті.
Қытай ғаламтор қолданушылары ең көп ел. Шығысқазақстандық делегация арнайы барған Бұлтты есептеу индустриялық паркі, Huawei, China mobile технологиялық орталықтарының жұмысы бұл статистиканы ұлғайтып отыр. Цифрлық құралдар, есептеу жүйелері мен жасанды интеллектіге негізделген орталықтардың әлеуеті артып келеді. ІТ маман Руслан Четтыкбаев жасанды интеллект біздегі өндірісте де қолданылып бастады дейді.
Әлемдік сарапшылар әрбір төрт күн сайын Қытайда капиталы 1 млрд. доллар болатын стартап жоба пайда болатынын айтады. Соның басым бөлігі IT салаға қатысты. Ел үкіметі де нақты идея болса, қажетті жағдай жасап беруге әзір.
2017 жылы Компартия жаңа буындағы жасанды интеллектіні дамыту жоспарын бекіткен. Оған сәйкес Қытай 2030 жылға қарай жасанды интеллектіні әзірлеуде дүние жүзінде жетекші болады.
Делегация мүшелері болып қайтқан Huawei технологиялық орталығының да қызметі маңызды. Жалпы, жер бетіндегі әрбір екінші адам Huawei өнімін қолданады. Компания өткен жылы 862 млрд. юаньның өнімін нарыққа шығарған.