Наурыз – ізгі ниет пен шат көңілдің, береке мен ырыстың мерекесі. Өскемендегі «Защита» шағын ауданы тұрғындары мен теміржол саласының қызметкерлері көктем мерекесін ерекше форматта атап өтті. Наурыз тойын «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ мен аймақтағы теміржол бөлімшесі ұйымдастырды.

Теміржолшылар мен «Защита» шағын ауданы тұрғындары көктем мерекесін бірге тойлауды дәстүрге айналдырған. Игі дәстүрден жаңылмаған ағайын биыл Ұлыстың ұлы күнін ерекше форматта атап өтті.

Салтанатты шара аясында елдегі теміржол саласын дамытуға сүбелі үлес қосқан азаматтар марапатталды. Оларға «Қазақстан темір жолы»ҰК» АҚ мен жергілікті атқарушы орган өкілдерінен, кәсіподақ ұйымының атынан алғыс хаттар мен төс белгілер, естелік сыйлықтар табысталды. Марапат иелерінің бірі - Асхат Елубай. Ол бұл салада 20 жылдан астам уақыт еңбек еткен. Білікті маман Аягөз қаласының тумасы.

Мерекеге орай жиналған қауым үшін көрме де ұйымдастырылды. Құсбегі Алтай Мүбәрәкұлы көктем мерекесіне бүркіттерін ала келген.

Жиналған қауым ұлттық спорт түрлерінен де бақ сынады. Қой, гір көтеру мен арқан тарту сынды сайыстарда өзара кім мықты анықтады.

Наурыз тойы - ұлттық өнер мен дәстүрдің, ұрпақтар сабақтастығының жарқын көрінісі.