С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде ҚР еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Дәулеткерей Кәпұлының студент жастармен кездесуі өтті. Игі шараға зиялы қауым өкілдері қатысты.

Дәулеткерей Кәпұлы - Моңғолияның Баян-Өлгий аймағында дүниеге келіп, Еуразия ұлттық университетінде ұстаздықтан бастап, әдебиет пен мәдениет саласында табысты еңбек етіп келе жатқан тұлға. Бүгінде ол Астанадағы Алжир музейінің директоры. Ақынмен өткен әсерлі кездесудің шымылдығын университет ректоры Мұхтар Төлеген ашып, руханиятқа қосқан үлесі үшін Дәулеткерей Кәпұлына оқу орнының «Құрметті профессоры» атағын табыстады.

Аймақ басшысының құттықтау хатын жеткізген облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ернұр Бурахан ақынның иығына шапан жауып, ыстық ықыласын білдірді.

Бұл әдеби кеш қаламгерлер мен әдебиетсүйер қауымға рухани серпіліс, шығармашылық шабыт сыйлады.

Кеш барысында республикалық айтыстардың бірнеше дүркін жеңімпазы Серік Қуанғанұлы жырдан шашу шашып, Аманжолов университетінің «Шабыт» театры поэтикалық қойылым көрсетті. Студенттер ақынға арналған арнау өлеңдерін оқып, жүрекжарды лебіздерін білдірді.

Жиында Дәулеткерей Кәпұлы өлең оқып, университет ұжымына игі тілегін білдірді.

Кеш соңында ақын студенттермен ашық сұхбат құрып, шығармашылық бағыттағы сауалдарға жауап берді. Шара руханият пен жас буынның арасындағы алтын көпірге айналды.