Жер ана қайта түлеп, тіршілік атаулы түгел жанданатын көктемнің шуақты мерекесін Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ ұжымы жылдағы дәстүрге сай атап өтті. Алаңға киіз үйлер тігіліп, ұлттық құндылықтар дәріптелді.
Театр актерлерінің осы бір қойылымымен басталған мерекелік шараға жиналған халық бір-біріне ізгі тілектерін айтып, ыстық ықыластарын жеткізді. Осылайша арқа-жарқа болған халық алаңға тігілген әр киіз үйді аралап, жайылған дастарханнан дәм татты. Әр ауыл атауы мен ішкі безендірілуі биылғы айтулы күндермен байланыстырылған.
Мәселен, «Бірлік мекені» ауылы Қазақстан халық ассамблеясының 30 жылдығына орай аталса, Жеңістің 80 жылдығына, жұмысшы мамандықтар жылына және Абайдың 180 жылдық мерейтойына орай атау таққан ауылдар өз үйлерін тіккен.
Наурызда күн мен түн теңеліп адамның аузы аққа, малдың аузы көкке тиеді. Бұл мерекеде ұлттық құндылықтар жаңғырып, салт-дәстүр ұлықталады. Әжелер шашу шашып, дәстүрге сай балалардың тұсауы кесілді. Жаңа өмірге басқан қадамдары оң, жолдары ашық болсын деген ниетпен үлкендер батасын берді.
Жаңару мен жақсылықтың бастауы болған мереке күні университет жастарды да өз өнерлерін ортаға салды. Игі бастаманың жаршысы бола білді. Бұл күні бишілер би билеп, әншілер әннен шашу шашты.