22 сәуір – Халықаралық жер күні. Атаулы күнге орай Риддер қаласының Мәдениет сарайында экологиялық фестиваль өтті. Шараның өтуіне мұрындық болған – «Батыс - Алтай мемлекеттік табиғи қорығының» өкілдері. Фестивальге қала мектептері мен колледж оқушылары, еңбек ардагерлері, шығармашылық ұжымдар мен табиғатты қорғау саласының мамандары қатысты.
Экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған бұл шара жас ұрпақтың жер анаға деген жанашырлығын оятуға, табиғатты аялауға үндейді. Жиналған қауым Жер-Анамызды ұлықтап, қоршаған ортаға деген сүйіспеншілігін ән, би және поэзия арқылы жеткізді. Әсіресе, оқушылардың экология тақырыбындағы туындылары көпшіліктің көңілінен шықты. Олар экожүйені сақтау жөніндегі жобаларымен бөлісті.
Мерекелік шараның ашылуында Риддер қаласы әкімінің орынбасары Ерболат Ошақбаев құттықтау сөз сөйлеп, табиғатты қорғаудың маңыздылығына тоқталды. Риддерде жұма сайын тазалық акциясына бағытталған шаралар өткізіліп тұрады.
Экологиялық фестиваль тек өнер мерекесі ғана емес, болашақ ұрпаққа Жер ананы аялау идеясын жеткізетін маңызды шара.
Фестиваль аясында табиғатты қорғау мекемелерінің өкілдері – Алтай ботаникалық бағы, Пихтовское және Риддер орман шаруашылықтарының мамандары да бас қосты. Олар табиғатты қорғау бойынша атқарып жатқан жұмыстарымен бөлісті.
Кеш шымылдығы табиғат туралы әсерлі әндермен жабылды. Әлия Дильдаханның орындауындағы «Айналдым сенен туған жер», Сымбат Құсайынның «Елім менің», Лариса Семыкинаның «Жерді аялайық» әндері көрермендердің жүрегін тебірентті.