Облыстық Білім басқармасы мен ШҚО Кәсіпкерлер палатасының қолдауымен өңірдегі студенттер мен оқушылар арасында дәстүрлі «Мен – кәсіпкермін» турнирі өтті. Жас кәсіпкерлер түрлі бағытта жоба қорғап, өңір экономикасына пайда әкелер бірқатар бастамамен бөлісті.

Дәстүрлі түрде өткізілетін турнирге облыс орталығы мен төрт ауданнан, 13 колледж бен 14 мектептен 62 өтінім келіп түскен. Жастардың жобаларын кәсіпке айналдырып, бизнеске бейімдейтін шараның ауқымы кеңейген. Мысалы, биыл 39 жас кәсіпкер өз жобасын жеке қорғаса, 23 командалық жұмыс өзара сынға түсті.

Байқау әлеуметтік маңызы зор 10 номинация бойынша ұйымдастырылды. Тақырыпқа қарай өз саласының үздік сарапшылары қазылық етіп, креативті идея иелері жобаны іс жүзінде жүзеге асыруға мүмкіндік алады.

Ізденіс пен іскерлік ұштасқан турнир барысында бизнеске бет алған буынның заманауи бастамалар мен өзекті мәселелерге бей-жай қарамайтыны байқалды. Шығармашылық пен шынайы қызығушылықтан туған әр идея – алдағы табысты жобаның алғашқы қадамы. «Мен кәсіпкермін» турнирінде үздік шыққан жоба иелері республикалық кезеңде бақтарын сынайды.