«Озық ойлы ұлт болудың төте жолы – кітап оқу». Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында осылай деген Президент, кітап оқудың жоғары мәдениетін қалыптастыруды тапсырған болатын. Осыған байланысты елімізде жаңа мейрам, 23 сәуір - Ұлттық кітап күні. Бүгін рухани мереке алғаш рет аталып өтті.

Биыл елімізде 800 мектеп кітапханасының жаңғырту жұмыстары аяқталып, 280 мыңнан астам бала жаңартылған ресурстарға қол жеткізді. Республиканың барлық өңірлеріндегі кітапхана қорлары жаңа көркем әдебиетпен толықтырылып, білім ордаларының рухани әлеуеті арта түсті.

Қазақ тілінде кітап шығару ісінің 200 жылдан астам тарихы бар. Шежіресі 1800 жылы Қазан қаласында ашылған тұңғыш Азиялық баспаханадан бастау алады. Осы ретте, оқырман мен кітаптың басын қосып тарихи игілікті заманауи үлгіде жалғастырып жатқан кітапханалардың үлесі зор. Солардың бірі - Оралхан Бөкей атындағы қалалық кітапхана.

ҚазҰЭК ақпараттық жүйесінің жариялаған көрсеткіші бойынша ең белсенді оқырман жастар екен. Әрине, бұған дау жоқ. Себебі соңғы жылдары жастар арасында кітапқа қызығушылық артып келеді.

Кітап - адам өмірінің барлық саласына әсер ететін, жан азығы бола алатын баға жетпес байлық. Ал, Ұлттық кітап күні – рухани кемел ұрпақ тәрбиелеуге бастайтын маңызды жол.