Бүгінгі қоғамда әйелдер жұмыс істемейтін сала жоқ екені анық. Олар әрі әйел, әрі ана болып қала отырып, ерлермен иық тірестіре еңбек етіп, биік шыңдарды бағындыруда. Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ қабырғасында «Qyzai» әйелдер бастамасының форумы өтті. Жиынға қатысушылар өзін-өзі дамыту және тұлғалық өсу, мансап пен бизнес құру бойынша білімдерімен бөлісті. Шараны Өскемен қаласының іскер әйелдер қауымдастығы «Казцинк» ЖШС қолдауымен ұйымдастырды.
«Qyzai» форумына жиналған қыз-келіншектер қауымы бір-бірімен пікір алмасып, ой бөлісті. Шарада көшбасшылық қасиет, жеке бренд, қаржылық сауаттылық сынды түрлі өзекті тақырыптар көтерілді. Спикерлер қатысушыларға табысқа жету жолдарын түсіндіріп, өз тәжірбиелерін ортаға салды. Форумға өңірдің барлық қала, аудандарынан келген кәсіпкер әйелдер жиналды.
Мұндай ауқымды шара Өскеменде алғаш рет өткізіліп отыр. Форумның аты да ерекше.
Тәжірибе алмасу – іскерлік қарым-қатынасты жетілдіру. Форум қызметін жаңа бастаған кәсіпкерлер үшін ғана емес, бизнес ортада бұрыннан жұмыс істейтіндер үшін де пайдалы болды. Мұндай кездесулер жаңа идеяларды қалыптастыруға сеп дейді, қатысушылар.
«Qyzai» әйелдер бастамасының форумы – ел дамуының драйвері екенін айқын көрсетті. Спикерлер мен қатысушылар арасындағы байланыс үзілмек емес.