Облыс орталығында дәстүрге сай ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті. Осы жолы Катонқарағай ауданының кәсіпкерлері өздерінің табиғи өнімдерін қолжетімді бағамен саудалады. Жәрмеңкеге жиналған халықтың қарасы қалың.

Ләйлә Балтабаева кәсіпкер. Өткен жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша қаржы алып, кәсібін ашқан. Қақталған ет өнімдерін дайындайды. Бүгінде ісін дөңгелетіп отырған ол осы сияқты ауыл-шаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесіне үнемі қатысады.

Облыс тұрғындары үшін мұндай жәрмеңкенің маңызы зор. Әсіресе, тұрғындар ауылдың шүйгін шөбін жеп семірген ірі қара мал етін сатып алуға келеді. Сондықтан болар сиыр, жылқы, қой еті лезде саудаланады. Әрі бағасы да көңілге қонымды.

Бұдан бөлек қымыз, өзге де сүт өнімдері саудаланды. Балдың бірнеше түрі мен панты өнімдеріне деген сұранысты ескерген жергілікті кәсіпкерлер оны да ала келген.

Аудан саудагерлері үшін мұндай жәрмеңкелердің берері мол. Сатып алушылар үшін де пайдалы. Халық та риза.

Жәрмеңкеге келген қала тұрғындары мен қала қонақтары іздегендерін тауып, сатып алып жатты. Бұл игі шара дәстүрге сай келесі аптада да жалғасын табады.