ҚХР-дың Синьцзян-Ұйғыр автономиялық ауданындағы Қарамай қаласында халықаралық семинар басталды. Шанхай ынтымақтастық ұйымы ұйымдастырған жиын цифрлық технологиялар, білім беру, туризм және IT бойынша кадрларды даярлау мен цифрлық саланы дамытуға бағытталған. Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Ресейдің білім беру, креативтік индустрия мен бизнес қауымдастық, БАҚ өкілдерінен құрылған делегациялар бас қосты. Қытайдың мұнайлы қаласынан әріптесіміз Данияр Қайратұлы жалғасын…
Шараға мұрындық болған — ШЫҰ аясындағы Үлкен деректер саласындағы ынтымақтастық орталығының Синьцзян бөлімшесі. Семинар бағдарламасы «ШЫҰ ағашы» бастамасы аясында жүзеге асырылуда.
Қазақстан атынан барған делегация құрамы толықтай дерлік шығысқазақстандық білім беру саласының, креативтік индустрия мен бизнес қауымдастық өкілдерінен құралған. Соның ішінде, техникалық сала мамандықтарының оқытушылары семинардан тың ақпарат алатындарына риза.
Қытай — маңызды әрі сенімді серіктес. Көпжылдық татулық пен ынтымақтастық, географиялық жақындық екі елді тығыз байланыстырады. Әсіресе, Қытаймен тікелей шекараласатын Шығыс Қазақстан үшін өзара іс-қимылды кеңейтуге жақсы мүмкіндік.
Шығыс Қазақстанның географиялық орналасуы мен шикізат базасын ескерсек, өңір алдында бірқатар басым бағытты дамыту тапсырмасы тұр.