Тауарлы балық өндірісін дамытуға біздің өңір қолайлы. Мәселен, облыста осы бағытта 11 кәсіпорын табысты жұмыс істеуде. Өскемен, Бұқтырма су қоймаларында кәсібін дөңгелетіп отырған кәсіпкерлердің бірі бақтақ балығын өсіруді жолға қойған. Уылдырықтан дернәсіл алып, салмағы 5-6 келі болатын балық өсіруде. Ал енді бірі өткен жылы 1300 тонна балық өнімін экспортқа шығарған. Бұдан бөлек, Ұлан ауданындағы «OstFish» ЖШС бекіре тұқымдас балықтарды өсіріп, ішкі нарыққа жылына 4,5 тонна қара уылдырық шығаруды мақсат тұтып отыр.

Бүгінгі таңда Бұқтырма су қоймасында балық өсіріп, кәсіп ашуға ыңғайлы 7 телім бар. Соның 6-ы бос тұр. Мамандар өңір климаты балық шаруашылығын дамытуға қолайлы болғандықтан осы саланы қолға алам деушілерге мүмкіндік мол, - дейді. Мемлекеттік бағдарламалар да қарстырылған. 2,5 пайыздық мөлшерлемемен несие алуға болады. Кәсіптен нәсіп табамын деушілерге жол ашық.

Мемлекеттік бағдарлама жоспарына сәйкес, 2030 жылға дейін өңірде 10 мыңға жуық тауарлы балық өсірілуі керек. Соңғы 4 жылда межелі жоспарға сай жұмыс нәтижелі болды. 6 мың тоннадан аса балық өсірілді. Биыл 2300 тонна балық өсіру қажет. Ол үшін барлық жағдай қарастырылған. Инвестиция тарту мәселесі де оң шешімін тапқан.

Брифинг барысында жауапты сала өкілдері жыл сайын өткізілетін уылдырық шашу маусымына тоқталды. Уақытша шектеу шаралары су айдындарындағы балықтардың табиғи көбею үдерісін сақтап, оларды қорғау үшін маңызды.