Облыс орталығындағы Металлургтер мәдениет үйінде жәрмеңке өтті. Халық үшін күнделікті тұтынатын тауар түрлерін қолжетімді бағада саудалау үшін қолға алынған бастаманың берері мол. Қала тұрғындары мен қонақтарына жергілікті кәсіпкерлер өз өнімдерін нарық бағасынан төмен бағаға саудалап, табысын молайтады.
Айжан Қараханова жеке кәсіпкер. Түрлі нан өнімдерін қолдан пісіреді. Табиғи қоспаларды ғана қолданады. Ол осындай жәрмеңкелердің кәсібін енді ашқандар үшін берері мол дейді. Себебі, өнімін өзгелерге таныстырып, табыс табуға болады.
Осымен екінші рет өтіп жатқан жәрмеңкеге «Нектары – Алтая» шаруа қожалығы бал өнімдерінің бірнеше түрін әкелген. Бал құрамына қарай бағалары да әртүрлі. Бұдан бөлек шұжық, нан өнімдері саудаланды. Қаймақ пен ірімшік те бар.
Жәрмеңкеге келген халық ұйымдастырушылар яғни қала әкімдігі саудаланатын ауыл шаруашылығы өнімдерінің қатарын арттырып, сиыр, қой, жылқы еттері де сатылса деген тілек білдірді.