Жеңістің 80 жылдығына орай Өскеменге Ресейдің Алтай өлкесінен делегация келді. «Во все века» халықаралық жобасы аясында іргелес аймақтан келген ұжым облыс орталығындағы мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойып, өскемендіктерге арнап мазмұнды концерт өткізді.
Алтай өлкесінен келген делегацияны Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев қабылданды. Кездесу барысында екіжақты өзекті мәселелер мен ынтымақтастық жолдары сөз болды. Кейін қос өңір өкілдері Ербол Нұрғалиев пен Виталий Снесарь Жеңістің 80 жылдығына арнап Өскемендегі «Жеңіс» мемориалдық кешенінде орналасқан мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойды.
Алтай өлкесінен келген өнер ұжымы өскемендіктерге арнап мазмұны ерекше концерттік бағдарлама ұсынды. Евгений Борисов атындағы Алтай мемлекеттік «Сибирь» орыс халық аспаптар оркестрі мен Александр Березиков атындағы «Алтай» жастар ән-би ансамблі «Во все века» атты әуезді кеш өткізді.
Жеңіс күні – ұмытылмас естелік. Өткеннің өнегесін бүгінгімен жалғаған шара аясында Ресейден келген өнер ұжымы мен ресми делегация тек концертпен ғана шектелмей, тарихқа тағзым етіп, көршілес екі аймақтың рухани әрі мәдени байланысын тереңдете түсті. Шығыстың төрінде шырқалған ән мен шын көңілден шыққан лебіз – бірліктің белгісі, бейбіт өмірдің бейнесі. Жеңіс жолында жанын пида еткен батырлар рухына тағзым – бүгінгі ұрпақ парызы.