Алтай ауданы тұрғындары жеңістің 79-ншы көктемін атап өтті. Салтанатты шара барысында жиналғандар мемориал ескерткішке гүл шоқтарын қойып, сол жылдардағы әскери әндерді шырқады. «Шырағыңды жақ» акциясы аясында шам жағып, көзкөргендер сол жылдарды еске алды.

Аудан тұрғындары Мемориалға гүл шоқтарын қойып, сұрапыл соғыстан оралмаған жерлестерін еске алды. Бүгінгі бейбіт өмір үшін күрескен ардагерлерге, тыл еңбеккерлеріне өздерінің ізгі тілектерін, алғыстарын жеткізді. Ұрыс даласына аттанған бір миллионға жуық азаматтың жартысы елге оралмады. Қаншама жан тылда күні-түні үздіксіз еңбек етті. Бүгінгі ұрпақ өткен күнді, яғни, тарихты жадынан шығармауы керек. Себебі, ашық аспан астында бейбіт күнде өмір сүріп жатқанымыз сол ардагерлердің ерен ерлігі мен Отан үшін от кешкен жандардың жанкештілігінің арқасы.

Ардагерлер ерлік пен батылдықтың өлшеусіз үлгісін көрсете білді. Өскелең ұрпақ олардың ерлігін ұмытпай, ұлықтауы керек.

Салтанатты шара соңында жиналғандар жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын «Шырағыңды жақ» акциясы аясында шам жақты.