Биыл екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына 79 жыл! Майданға аттанып, ерліктің ерен үлгісін көрсеткендердің қатарында, шығысқазақстандықтар да бар. Осыған орай Даңқ мемориалында салтанатты шара өтті. Аймақ басшысы Ермек Көшербаев ардагерлермен бірге мәңгілік алауға гүл шоғын қойды.
Гүл шоқтары – майданға аттанған жауынгерлердің рухына, қайсарлықтың үлгісі болған тыл еңбеккерлеріне көрсетілген құрмет. Бүгінде аймақта 14 соғыс ардагері тұрып жатыр. Мереке қарсаңында олардың әрқайсына 1,5 млн тг. қаражат берілді.
Майдан даласына аттанған 90 мыңнан астам жауынгердің жартысы қайтып оралмады. Ерлікпен қаза тапқан батырларды еске алуға олардың ұрпақтары да келді. Оның ішінде Күршім ауданының тумасы Қалиғожа Қабдуалиевта бар. 88 жастағы қария тыл ардагері. Өскелең ұрпақ тек бейбіт өмір сүріп, бақытты ғұмыр кешсін деп ақ тілегін жеткізді.
Мерекелік шараны көруге келген қала тұрғындарының да қарасы қалың. Жеңіс күні – барша халықтың жеңісі. Бейбіт өмір үшін жанын қиған ата-бабаларымыздың ерліктері ғасырлар өтсе де ұмытылмастай тарихта жазылды.