Биыл облыс оқушылары жазғы демалыстарын қызықты өткізеді. Киелі жерлерді аралап, өлкенің тарихымен терең танысады. Сонымен қатар білімдерін жетілдіріп, тіл меңгеруге мүмкіндіктері болады. Ал Самар ауданындағы «Балауса» лагері әскери-патриоттық бағытта өз жұмысын бастайды. Онда 7-8 сынып оқушылары әскери міндеттің қыр-сырын үйреніп, осы салада еңбек етіп жүрген азаматтармен кездеседі.

Биыл жазғы демалыста облыстағы 1-10 сынып оқушыларының 90 мыңнан астамы түрлі лагерлерге демалуға барады. Өңірде 42 жазғы лагер жұмыс істейді. Оның 15-і қала сыртында орналасқан. Сонымен қатар 270 мектеп жанындағы лагерлерде 18672 оқушы демалады. 8100 оқушы қала сыртындағы лагерлерге жолдама алады. Бұдан бөлек, «Бөбек» және «Балдәурен» ұлттық білім беру сауықтыру лагерлеріне жыл сайын облыс оқушылары жіберіледі. Жыл басынан бері осы лагерлерде 156 бала демалып келді. Жыл соңына дейін 277 бала жолдама алады. Балалар туризмін дамыту мақсатында біркүндік турлар ұйымдастырылады.

Балалрдың жазғы демалысын ұйымдастыру жұмысына 819 тәрбиеші мен тәлімгер тартылады. Қосымша білім беру мекемелерінің 670 педагогі және 250 медицина қызметкерлері, студенттер де араласады. Ол жердегі тазалық, тамақ сапасы барлығы тиісті мекеме бақылауында.

Балалрдың бос уақытын тиімді пайдалану және өздері тұрып жатқан өлкенің өзге аудандарындағы қатарластарымен тығыз-қарым қатынас орнату мақсатында «Қонақ отбасы» жобасы қолға алынған болатын. Алғашқы жылы жоба өз нәтижесін берді. Биыл да осы бағыттағы жұмыс ары қарай жалғасын табады.

Сонымен қатар брифинг барысында суға шомылу маусымында басты ережелерді сақтау маңызды әрі қажет екендігі айтылды.

«Жаздық жолдама» республикалық жобасы аясында «Қазақстан халқына» қорының қаражаты есебінен ауылдардағы 5-8 сыныптардың 700-ге жуық оқушысы «Дарын» лагерінде демалатын болады.