Аймақта интернет алаяқтық әлі тиылмай тұр. Жыл басынан бері қылмыстың 700-ден астам жағдайы тіркелді. Ақпараттық технология жетістігін теріс мақсатқа пайдаланып, елдің қалтасына түсетіндер көбейді. Тәртіп сақшылары қазіргі уақытта алдын алу жұмыстарын күшейткен. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында айтылды.
Интернет алаяқтық қазіргі қоғамның ең өзекті мәселелесіне айналды. Тәртіп сақшыларының сөзіне сүйенсек, қаскөйлердің арбауына түсіп, қаржысынан қағылғандар саны азаймай тұр. Қылмысты болдырмау мақсатында жедел алдын алу шарасы жиі ұйымдастырылады.
Алаяқтар ұялы телефондағы түрлі мессенджерлер арқылы өңір тұрғынына жалған мәліметтер мен банк қосымшаларына сілтемелерді жібереді. Тіпті жалған қызметтік куәліктерін көрсетіп, тұрғындардың сеніміне кірген.
Қазіргі уақытта интернет арқылы алдау-арбау әдісі түрленген дейді құқық қорғау органдарының өкілі. Тәртіп сақшылары тұрғындардың сақ болып, күмәнді қоңырау мен хабарламаларға алданып қалмау үшін ақпаратты нақтылауды ескертеді.