Сәуір айында басталған өрт қауіпті кезеңі аяқталды. Өңірде қызыл жалынмен күресті азаматтық қорғау күштері, жергілікті полиция қызметі, орман шаруашылығы мекемелері мен жергілікті атқарушы органдардан құралған 52 мобильді топ жүзеге асырды. Шара аясында 1618 рейд жүргізілді. Нәтижесінде 61 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің Мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығы Нұржан Өміржанов брифинг барысында мәлімдеді.
Өрт қауіпті кезең басталғалы 1 гектардан астам аумақта 13 орман өрті тіркелген. Биыл өңірде маусым және қазан айларында төтенше жағдай жиі орын алған. Облыстық Төтенше жағдайлар департаменті Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Нұржан Өміржановтың айтуынша, орманды тілсіз жаудан қорғау мақсатында тікұшақтар пайдаланылып, дрон көмегі арқылы әуеден тексеріс жұмыстары жүргізілген. Ал, жыл көлемінде ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер мен шаруа қожалықтарында 325 дөңгелек үстел, 476 жиын және 4066 брифинг өткен.
Өңірге қарасты аудандарда 47 өрт сөндіру бекеті құрылды. Оның қатарында Алтай ауданындағы Малеевск ауылы, Самар ауданына қарасты Аққала ауылы бар. Ал, Ұлан, Шемонаиха, Зайсан, Глубокое және Тарбағатай аудандарында 5 өрт сөндіру бөлімшелері жұмыс істеді.