Өңірде ауыл шаруашылығы қарқынды дамып келеді. Қожалық иелері асыл тұқымды мал өсіруді жолға қойып, өнімділікті арттырып жатса, егіншілер алқаптарды жаңа дақылдармен толтырып, жоғары өнім алуда. Облыс әкімі Ермек Көшербаев кәсіби мереке қарсаңында ауыл шаруашылығы саласында еңбек етіп жүрген азаматтарды марапаттады.

Салтанатты шара облыстық филармонияда өтті. Мұнда Шығыс Қазақстанның түрлі аудандарынан ауыл шаруашылығы саласының өкілдері жиналды. Облыс әкімі Ермек Көшербаев ауыл шаруашылығы, тамақ және қайта өңдеу саласының қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады.

Саланың үздіктеріне «Еңбек ардагері» медалі, «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісі табысталды. Бұдан бөлек, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің құрмет грамотасы, ауыл шаруашылығын дамытуға қосқан жеке үлесі үшін шаруа қожалықтарының басшыларына және қызметкерлеріне облыс әкімінің алғыс хаттары табыс етілді.Марапат иелерінің қатарында «Ерасыл» шаруа қожалығының жетекшісі Достық Қатанов та бар. Қожалық иесі Күршім ауданында жемісті еңбек етіп келеді.

Бүгін көп жылғы адал еңбегі, елдегі агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға қосқан үлесі үшін Жеңісбек Кәрібаев «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды. Жеңісбек Кәрібаев қазіргі таңда 6500 бас мал асырап отыр. Ал кәсібін одан әрі дамыту үшін Араб елімен тығыз байланыс орнатпақ.

Ауыл шаруашылығы қызметкерлері күніне орай ұйымдастырылған көрмеде өңір кәсіпкерлері өз өнімдерін көпшілік назарына ұсынды. Ет өнімдерінен бастап, құрт, қымыз, жент сынды ұлттық тағамдардан жасалған аймақ брендттерінің барлығы осында.

Салтанатты шара соңы мерекелік концертке ұласты.